Стоковые изображения от Depositphotos
Бүгін ҚР Үкімет отырысында Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров осы жылдың қаңтар-шілде айындағы әлеуметтік-экономикалық дамудың барлық көрсеткіштерінен Қазақстан өңірлері арасында Абай облысы алдыңғы орында екенін атап өтті, – деп хабарлайды Arnapress.kz тілшісі облыстық әкімдітің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«7 экономикалық көрсеткіштен өңірлер арасындағы жалпы жағдай мынадай: барлық көрсеткіштерден оң өсім 6 өңірде – Абай, Ақмола, Батыс Қазақстан, Қостанай, Солтүстік Қазақстан облыстарында, сондай-ақ Алматы қаласында байқалды», — деді Әлібек Қуантыров.
Негізгі капиталға салынған инвестицияның өсу қарқыны 12,4%-ды құрады. Инвестициялар ағыны көлік және қойма саласында — 57,7%-ға, білім беруде — 24,3%-ға, саудада 22,6%-ға, ауыл шаруашылығында 21,3%-ға, сондай-ақ өнеркәсіпте 9%-ға, тау-кен өнеркәсібінде 3,8%-ға өсті.
«Өңірлер арасында ең жоғарғы өсім Абай, Маңғыстау, Батыс Қазақстан және Павлодар облыстарында тіркелді. Алдын ала қорытындыға сыртқы сауда тауар айналымы 4,3%-ке өсіп, 67,2 млрд долл. құрады», — деді ҚР Ұлттық экономика министрі.
Абай облысында өңдеу өнеркәсібі саласында, оның ішінде машина жасау өндірісі 28,7%-ға және электр жабдықтарын жасау – 34,4%-ға өсім бар. Облыс агроөнеркәсіп кешеніндегі көрсеткіштерден де көш бастап тұр. Жалпы өнім көлемі 2,6 пайызға артқан.
Тұрғын үйді пайдалануға берудің ең жоғары көрсеткіштері Ұлытау және Абай облысында, сондай-ақ Алматы және Астана қаласында тіркелген. Осы жылғы қаңтар-шілде айында 8,6 млн. шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілген.
Үкімет отырысында экономикалық өсуді қамтамасыз ету мақсатында орталық және жергілікті атқарушы органдарға уақытылы егін жинауды және құрылыс маусымын тиімді жүргізуді қамтамасыз ету, экспорттың өсуін қалпына келтіру үшін қосымша шаралар қабылдау және баламалы бағыттарды тиімді пайдалану, белсенді түрде инвестиция тарту және бюджет қаражатын тиімді игеру, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлар бағаларының өсуін болдырмау мәселеріне назар аудару керектігі айтылды.
Сурет: Абай облысы әкімдігінің баспасөз қызметі
По сообщению сайта Arna Press