Стоковые изображения от Depositphotos
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 16 наурызда Парламент палаталарының бірлескен отырысында саяси реформалардың жаңа бағдарламасын және жақын арада жүзеге асырылатын бірқатар әлеуметтік-экономикалық шараны ұсынды. Tengrinews.kz тілшісі Мелекет басшысы жолдауында қандай мәселелер көтергеніне шолу жасады.
Қаңтар оқиғасын ұйымдастырған кім?
Қасым-Жомарт Тоқаев жолауын қасіретті қаңтар оқиғасынан бастады. Ол тәртіпсіздіктер бойынша алдын ала қорытындылар дайын екенін айтты.
«Соңғы жылдары біз Қазақстанды түбегейлі жаңғыртуға, трансформациялауға көштік. Түрлі салада ауқымды өзгерістер басталды. Бұл кейбір ықпалды адамдарға ұнамады. Олар жылдар бойғы заңсыз әрекеттерін одан ары жалғастыра беруді көздеді. Неғұрлым жоғары билікке ие болуды көздеді. Сол үшін кәнігі қылмыскерлер қарулы бандалар мен опасыз шенеуніктер бірігіп астыртын топ құрды. Ішкі және сыртқы жауларымыз өзара ымыраласып, билікті басып алғысы келді. Олар халықтың наразылық шеруін басқа арнаға бұрып, жұртты қасақана арандатты.
Билікке күйе жағу үшін бейбіт тұрғындарға оқ атты. Осының бәрін шетелдегі радикал күштер өз мақсатына пайдаланғысы келді. Олар Қазақстанды қақтығыс аймағына айналдырып, елде ойран салмақ болды. Президентті биліктен кетіргісі келді.
Төңкеріс жасауға ұмтылғандардың арасында белгілі адамдар болды. Жоғары лауазым иелері мемлекетке сатқындық жасады. Олар күштік құрылымдардың заңға сәйкес қимылдауына кедергі келтірді. Мемлекет басшылығына қалалардағы ахуал туралы жалған ақпарат берді», — деді Президент Парламент палаталарының бірлескен отырысында.
Президенттің жақын туыстарына қандай тыйым салынады?
Жолдауда Тоқаев Президенттің жақын туыстарына қандай тыйым салынатынын айтты.
«Мемлекет басшысы барлық азаматтар үшін мүмкіндіктер теңдігінің мызғымас кепілі болуы тиіс. Сондықтан Президенттің жақын туыстары үшін квазимемлекеттік сектордағы саяси мемлекеттік қызметшілер мен басшылар лауазымдарына орналасуға заңнамалық тыйым енгізілетін болады», — деді Президент.
Сонымен қатар, Президент Мемлекет басшысының облыстар, республикалық маңызы бар қалалар әкімдерінің актілерінің күшін жоюға немесе қолданылуын тоқтата тұруға құқығы барын айтты.
Есеп комитетінің орнына Жоғары аудиторлық палата құру ұсынылды
Президент Жоғары аудиторлық палата төрағасы Мәжіліс депутаттары алдында жылына екі рет есеп беруі тиіс екенін айтты.
«Парламент республикалық бюджеттің сапалы орындалуына бақылауды күшейтуі қажет. Осы орайда, Есеп комитетінің орнына Жоғары аудиторлық палата құруды ұсынамын», — деді Тоқаев.
Облыс әкімдерін тағайындау тәртібі өзгереді
«Азаматтардың өкілді билікке деген сенімін нығайту үшін мәслихаттарға баса мән берген жөн. Олардың рөлін арттырып, дербестігін қамтамасыз ету үшін Мәслихат төрағасы лауазымын енгізген жөн. Сондай-ақ, мәслихаттардың ықпалын барынша күшейту үшін облыс әкімдерін тағайындау тәртібін өзгерту қажет деп санаймын», — деді Президент Жолдауында.
Әкімдерге партияда қызмет атқаруға тыйым салынады
Қасым-Жомарт Тоқаев әкімдерге партия филиалдарында қызмет атқаруға тыйым салуды ұсынды.
«Әкімдер мен олардың орынбасарларына партия филиалдарында қызмет атқаруға заң жүзінде тыйым салу керек. Мұндай шешімдер көп полярлы партиялық жүйені қалыптастыруға мүмкіндік береді», — деді ол.
Тоқаев Сенаттағы президенттік квотаны қысқартты
Жолдауда Тоқаев шамадан тыс президенттік өкілеттіктерден бас тартатынын мәлімдеді.
«Сенаттағы президенттік квотаны бақылау құралы ретінде емес, Парламентте әлсіз ұсынылған әлеуметтік топтардың дауыстары мен пікірлерін ескеру тетігі ретінде қарастырған жөн. Сондықтан Сенаттағы президенттік квотаны 15 депутаттан 10 депутатқа дейін қысқарту туралы шешім қабылдадым», — деді ол.
Президент Парламенттің төменгі палатасы кез келген адамға жасанды преференциялар бермей, елдің бүкіл электоралдық ландшафтын көрсетуі керек екенін айтты.
«Осылайша, біз Мәжілістегі ҚХА квотасын алып тастаймыз, бұл, менің ойымша, саяси және заңды тұрғыдан да дұрыс. Бұл квота Сенатқа ауыстырылады және 9-дан 5 депутатқа дейін қысқартылады. Тиісінше, Мәжілістегі депутаттық орындардың жалпы саны азаяды», — деді Тоқаев.
Ол ұсынылып отырған бастамалар «ойын ережелерін» түбегейлі өзгертеді және біздің қоғамымызды одан әрі демократияландырудың берік іргетасын қалыптастыратынын айтты.
Қазақстанда партияларды тіркеу рәсімдері жеңілдейді
«Партияларды тіркеу рәсімдері айтарлықтай жеңілдейді. Тіркеу шегін төрт есе — 20-дан 5 мың адамға дейін төмендету керек. Өңірлік өкілдіктердің ең төменгі шегі үш есеге төмендеп, 600-ден 200 адамға дейін азаяды. Партия құру үшін бастамашыл азаматтар 1000-нан 700 адамға дейін, яғни үштен бірге қысқарады», — деді Мемлекет басшысы.
Тоқаев Конституциялық сот құруды ұсынды
«Мен елімізде Конституциялық сот құруды ұсынамын. Бас прокурор мен Адам құқығы жөніндегі уәкілге де Конституциялық сотқа жүгіну мүмкіндігін берген жөн. Бұл бастамалар әділ әрі құқықтық мемлекет құру жолындағы маңызды қадам болады деп сенемін», — деді Президент Парламент палаталарының бірлескен отырысында.
Ұлттық құрылтай қоғамдық институтын құру ұсынылды
«Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі өз міндетін табысты атқарды. Енді оның орнына құрамы жағынан ауқымды Ұлттық құрылтай құруды ұсынамын. Жаңа құрылым Ұлттық кеңестің қызметін жалпыхалықтық деңгейде жалғастырады», — деді Президент.
Мәжіліске заң қабылдау құқығы беріледі
Қасым-Жомарт Тоқаев Парламент Сенатына Мәжіліс қабылдаған заңдарды тек мақұлдау немесе мақұлдамау құқығын беретін норма енгізуді ұсынды.
«Сенатқа Мәжіліс қабылдаған заңдарды тек мақұлдау немесе мақұлдамау құқығын беретін норма енгізу дұрыс деп санаймын. Демек, Мәжіліске заң қабылдау құқығы беріледі», — деді ол.
Қазақстанда енді 20 облыс болады
Тоқаев Алматы облысын екіге бөлуді ұсынды: Алматы (облыс орталығы — Талдықорған) және Жетісу (облыс орталығы — Қапшағай). Қапшағай қаласының атауын Қонаев деп өзгерту ұсынылды. Абай облысы құрылады. Семей облыс орталығы болады. Ұлытау облысының орталығы — Жезқазған болады.
«Конституцияның 30-дан астам бабына өзгеріс енгізу қажет»
«Бұл бастамалар еліміздің саяси жүйесі мен әкімшілік-аумақтық құрылымын едәуір өзгертеді. Оны жүзеге асыру үшін Конституцияның 30-дан астам бабына өзгеріс енгізу қажет. Сондай-ақ, жылдың соңына дейін тағы 20-дан астам заң қабылдау керек», — деді Тоқаев.
«Жаңа Қазақстанның» мағынасын қандай?
Қасым-Жомарт Тоқаев жолдауында «Жаңа Қазақстанның» мағынасын айтты.
«Ішкі-сыртқы қатерлерді ескеруіміз керек. Біз сын-қатердің бәрін еңсеріп, осы күнге жеттік. Енді елімізді түбегейлі жаңғыртуға кірістік. Бұл кезең алмағайып уақытқа тұспа-тұс келіп отыр. Қазіргі халықаралық ахуал Қазақстанға да әсер ететіні анық. Бірақ заман қаншалықты күрделі болса да, біз бағдарымыздан айнымаймыз. Өткеннен тағылым алып, келекшекке сеніммен қадам басамыз. Осы жолда ең алдымен жұртымызға ауызбіршілік керек, ақыл мен сабыр, парасат пен ұстамдылық қажет. Біз әр шешімді мұқият саралап, әр істі байыппен жасауға тиіспіз. Отаншылдық рухы жоғары ел көздеген мақсатына қалай да жетеді.
Біздің мұратымыз — Жаңа Қазақстан құру. Бұл нені білдіреді? Жаңа Қазақстан дегеніміз — егемен елдің болашақтағы бейнесі. Өз елінің ертеңіне сенбеген халық мықты мемлекет құра алмайды. Бұған тарихтан талай мысал келтіруге болады. Біз келешегіміз кемел боларына және жарқын болашақты өз қолымызбен жасай алатынымызға сенеміз», — деді ол.
Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!
По сообщению сайта Tengrinews