Заң әйелдер мен балаларға, оның ішінде отбасындағы зорлық-зомбылық үшін жазаны қатайтып, оларды зорлық-зомбылықтан қорғауға бағытталған. Талқылау мен қабылдаудың барлық кезеңдерінде бұл құжат қоғамда үлкен резонанс тудырды.
Заң әйелдер мен балаларға қатысты зорлық-зомбылықтың кез келген көріністері үшін жауапкершілікті күшейтетін нормаларды енгізді, сондай-ақ ол отбасы институтын және кәмелетке толмағандардың қауіпсіздігін нығайтуға арналған.
Жаңа заң неке — отбасы заңнамасы негіздерін дәстүрлі отбасылық құндылықтарды және басқаларды нығайту және насихаттау сияқты жаңа принциптермен кеңейтілген. Сондай-ақ жергілікті өкілді және атқарушы органдардың неке институтын нығайту жөніндегі құзыретін кеңейту және отбасылық, әлеуметтік-экономикалық қолдау, қиын өмірлік жағдайға тап болған тұлғаларға (отбасына) жан-жақты қолдау көрсетуді анықтау және ұйымдастыру көзделген.
Қылмыстық кодекс 3-бап кәмелетке толмағандарға қатысты зорлық-зомбылыққа қандай қылмыстар жататынын анықтайтын тармақпен толықтырылды.
Аталған заң күшіне енген сәттен бастап-ақ, Тараз қаласы №2 сотында осы нысандағы істерді қараудың практикасы қалыптастырылды. Әлбетте практика заңға сай жүзеге асырылуда.
Мысалы, өткен айда ғана сотта әйелінің денсаулығына қасақана жеңіл зиян келтіргені үшін күйеуіне қатысты Қазақастан Республикасы Қылмыстық Кодексінің (бұдан әрі — ҚК) 108-1-бабының 1-бөлігі бойынша қылмыстық іс қаралды.
Істің мән-жайына сүйенсек, 2024 жылдың маусым айында ерлі-зайыптылар арасында жанжал туындап, оның барысында сотталушы бірнеше рет әйелінің басынан, қабырғасынан ұрып және бел омыртқа аймағын тепкілеген. Нәтижесінде жәбірленушінің денсаулығына жеңіл дәрежеде зиян келтірілген. Сотталушының кінәсі сотталушының өзінің, жәбірленушінің айғақтарымен, сот-медициналық сараптама қорытындысымен және басқа дәлелдемелермен өз дәлелін тапты.
Заңға сәйкес, ҚК-тің 108-1-бабының 1-бөлігінің санкциясы — 200 АЕК дейінгі мөлшерде айыппұл салуды не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына, не 200 сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуды, не 50 тәулікке дейінгі мерзімге қамаққа алуды көздейді.
Заң талаптарына сай, сот күйеуінің ійеліне жасаған тұрмыстық зорлық-зомбылық әрекетін қоғамға қауiптiлiк дәрежесi мен сипаты бойынша саралай келе 100 сағатқа қоғамдық жұмысқа тарту арқылы қылмыстық жауапқа тартты. Тараз қаласы №2 сотының судьясы А.Қорабаева
По сообщению сайта Магнолия