Мессенджерлерде шындыққа жанаспайтын хабарлама, әлеуметтік желідегі жалған ақпарат... Назар аударсақ кейінгі кездері «фэйк» жаңалықтар азайды. Бұған бір себеп әлеуметтік желіде жалған ақпаратты таратқан үшін жауапкершілік қатайып, заңнамаға өзгерістердің енуі. Абай облысында бүгінде осы бағытта заң бұзғандар бар ма? Қандай жауапкершілік көзделген? Жауапты мекеме қалай жұмыс істеуде? Бұл сұрақтарға облыстық Полиция Департаменті Имидждік қызмет және ішкі коммуникациялар басқармасының басшысы Дина Амренова жауап берді.
Дина Серікқызы, бізге сұхбат беруге бірден келіскеніңіз үшін алғыс білдіреміз. Ең алдымен, заңнамада жалған ақпарат таратқан үшін қандай жауапкершілік көзделгенін айтып берсеңіз.
Сәлеметсіз бе! Иә, күз мезгілінде заңнамаға өзгерсітер енгені рас. Яғни, Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 456-2 бабына сәйкес «Онлайн-платформаларды пайдаланушылардың қоғамдық тәртіптің, азаматтардың немесе ұйымдардың құқықтары мен заңды мүдделерінің не қоғамның немесе мемлекеттің заңмен қорғалатын мүдделерінің бұзылуына жағдай жасайтын жалған ақпаратты орналастыруы, таратуы, егер бұл әрекеттерде қылмыстық жазаланатын іс-әрекет белгілері болмаса – жеке тұлғаларға – жиырма, лауазымды адамдарға, шағын кәсіпкерлік субъектілеріне, коммерциялық емес ұйымдарға – отыз, орта кәсіпкерлік субъектілеріне – елу, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне бір жүз айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл» салуға алып келеді.
Демек, бұл баппен жалған ақпарат таратқан кез-келген азаматты жауапкершілікке тартуға болады?
Егер құқықбұзушылық расталса, жауакершілікке тартылады. Себебі, жалған ақпарат тарату қоғамдық тәртіпті бұзу, азаматтардың мүдделеріне зиян келтіру қаупін туғызады.
Бүгінде облыс бойынша жауапкершілікке тартылғандар бар ма?
Әзріге жоқ. Тек қана бөлек азаматтарға ескерту жарияладық.
Назар аударсақ, осыдан 5-6 жыл бұрын мессенджерлерде көптеген жалған хабарламалар келетін. Қазір азайғанын байқап отырмыз. Бұл жерде заң іс жүзінде жұмыс істеп жатыр десек артық болмас.
Иә, әрине. Заңмен бекітілгеннен кейін, жауапкершілік те бар. Адамдар мұны түсінеді, сондықтан қандай да бір хабарламаларды жібермес бұрын жақсылап ойланады.
Десе де, кейде қате немес тексерілмеген ақпарат тарап кетеді. Бұл жағдайда не істеуге болады?
Көрінеу жалған ақпаратты таратқан үшін жауапкершілік бар. Бірақ, көп жағдайда шынымен де дұрыс түсінбей, қате жазылған ақпарат тарап кетеді. Түрлі, жағдай болады. Сондықтан заңнамада барлығы қарастырылған, алдымен ескерту жасап, содан кейін ғана жауапкершілікке тартады. Бірден айппұл салып, әкімшілік жазаны арқалатып қоймайды. Бұндай істермен арнайы қызметкерлер айналысады.
Ал, әлеуметтік желіде тарайтын бейне, жазбалар үшін жауапкершілік бар ма?
Әлеуметтік желіде тараған ақпарат көп жағдайда, қандай да бір оқиғаның куәгері болып қалған азаматтардың сөзінен алынады. Мысалы, жақында қалада ойын-сауық орындарының маңынан жігіттер арасында төбелес болып, «бір адам қайтыс болды», деген ақпарат тараған. Біздің басқарма бірден ақпаратты тексерді: адам өлімі болған жоқ. Жедел түрде ресми парақшаларымызда түсініктеме бердік. Азаматтардан сұрайтынымыз, тек ресми органдардың тексерілген ақпаратына сенім білдіріңіздер. Біз әрқашан кері байланыс орнатуға дайынбыз.
Дина Серікқызы, уақыт бөліп, сұрақтарымызға жауап бергеніңізге рахмет!
Сұхбаттасқан: Махаббат РИЗА
Сурет: ашық дереккөздерден
По сообщению сайта Arna Press