1 млрд 350 мың теңгеден аса шығын келтірілген.
Биыл «Семей орманы» табиғи резерватындағы болған ауқымды өрттен кейін азаматтық қорғаныс пен жергілікті полиция қауіпсіздікті күшейткен, деп хабарлайды Arnapress.kz тілшісі облыстық ТЖД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Мамандар 15 мобильдік топ құрып, 360 рет рейд ұйымдастырды. Нәтижесінде табиғатты қорғау заңдылығын бұзғандарды анықтаған.
Оған қоса Абай облысының ТЖД мен «Семей орманы» табиғи орман резерваты мамандары ормандағы өрттің алдын алуға байланысты оқу-жаттығуларын да жандандырды.
Ауқымды жаттығу «Каштак» орманшылығында өткізілді. Оған 1 тікұшақ, 11 өрт сөндіру техникасы, арнайы тракторлар және 30 арнайы көлік жұмылдырылды. Оқу-жаттығудың сценариі бойынша орман шетінен өрт шығып, елді –мекендерге қауіп төндіреді. Бой бермей кеткен тілсіз жауды ауыздықтауға Төтенше жағдайлар департаменті мен «Семей орманы» табиғи резерватының күш құралдары жұмылдырылады. Елді-мекенге тікелей қауіп төнгендіктен тұрғындарды көшіру үшін жергілікті атқарушы органдар, полиция департаментінің қызметкерлері тартылады.
«Мұндай оқу-жаттығуларды өткізудегі басты мақсат – әрбір мемлекеттік мекеменің өрт болған кездегі іс-әрекеттері мен техникасының дайындығын пысықтау. Айта кетерлік жайт, орман өртіне күрделі жерден өте алатын техника ғана қатыса алады. Сондықтан оқу-жаттығу барысында техниканың дайындығына баса мән беріледі» — дейді, Абай облыстық ТЖД баспасөз қызметі.
Жалпы жыл басынан бері Абай облысында 182 орман өрті тіркеліп, 1 млрд 350 мың теңгеден аса шығын келтірілген. Ал шілде айында болған ең ауқымды табиғи апат кезінде 60 мың гектар қарағайлы алқап күлге айналды. 15 орманшы қаза тапқан болатын.
Сурет: Абай облыстық ТЖД
По сообщению сайта Arna Press