Абай облысында 500-ге жуық педагог тамыз конференциясына қатысты

Дата: 25 августа 2023 в 14:08 Категория: Общество

Абай облысында білім беру қызметкерлерінің тамыз конференциясы өтті, — деп хабарлайды Arnapress.kz тілшісі облыстық әкімдіктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Облыстық тамыз конференциясы 500-ге жуық педагогтің басын қосты. Оның ішінде еліміздің әр аймағынан 150-ден астам мектеп, колледж кітапханашылары арнайы келді. Іс-шара спикерлері ҚР Оқу-ағарту министрлігі мен ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің өкілдері, танымал ақын-жазушылар, ғалымдар, республикамыздың педагогтар қауымдастығы, беделді баспа ұйымдарының басшылары болды.

Абай облысының әкімі Нұрлан Ұранхаев барша ұстаздар қауымын жаңа оқу жылымен құттықтап, ұшқыр ой мен терең сезімге баурап, тұтастай ұлтты тәрбиелейтін құнды жәдігер кітапты бірге сақтауға, насихаттауға шақырды.

«Ұлы Абайдың «Пайда ойлама, ар ойла, Талап қыл артық білуге. Артық ғылым кітапта, Ерінбей оқып көруге» деген өнегелі өсиеті – бүгінде зор маңызға ие болып отыр. «Артық ғылымға» ұмтылып, кітаптың қадірін түсініп, құрметпен қарайтын, ойы озат, санасы азат ұрпақтың ғана алар асуы, бағындырар белесі биік болмақ. Осы орайда, оқушылар мен жастардың, көркем әдебиетке қызығушылығын арттыру мақсатында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, қазір барлық білім ошақтарында «Оқуға құштар ұлт» жобасы іске асып келеді», — деді аймақ басшысы.

Бүгінде облыста білім беру саласында бірқатар оң өзгерістер жүзеге асырылды. Мәселен, «Жайлы мектеп» жобасы аясында 11 жаңа мектеп ашылып, 36 мектептің оқу бөлмелері жаңартылады. Сондай-ақ, бастауыш сынып оқушылары тегін ыстық тамақпен қамтамасыз етіледі.

Конференция аясында қатысушылар үшін мектепке дейінгі тәрбие және оқыту, орта, арнаулы, қосымша, техникалық, кәсіптік білім беру мекемелерінің көрмесі ұйымдастырылып, қала мен аудан жетістіктері таныстырылды.

Сурет: Абай облысы әкімдігінің баспасөз қызметі 

По сообщению сайта Arna Press