Семейде бір жағажайды бөле алмай отыр

Дата: 12 июля 2023 в 18:28

Өткен жылы Ертістің оң жағалауындағы жағажайды өз күшімен жабдықтаған Ержан Амарханов, бүгінде қала әкімдігі аталған демалыс орнын тартып алғысы келетінін айтады, — деп хабарлайды Arnapress.kz тілшісі.  

Өткен жылы қала тұрғыны Ертістің жағасына өз қаражатына құм әкеліп, күннен қоғайтын шатыр орнатты. Сонымен қатар, өзен түбін тазалап, ТЖД қызметкерлерімен рейдтер өткізуге де келісіпті. Бұндай қадамға, былтыр балалар өзенге батып кеткеннен кейін бел буғанын айтады.

Ержан Амарханов грек-рим күресінен балалар жаттықтырушы. Оның айтуынша, жазда ол осы жерде балалармен жаттығу өткізетін, себебі бұл жерде ағын жоқ және су таяз. Ол жағажайды ұйымдастыру туралы бастама көтеріп, қаланың бұрынғы басшылығынан рұқсат алған дейді.

Қала тұрғынының сөзінше, бүгінде жағажай 80% дайын. Ендігі кезекте жерге құжаттар мен әкімдіктен кәсіпкерлік қызметке рұқсат алу қажет. Бірақ, қазіргі қала басшылығы бұған келіспей отыр, тіпті одан жағажайды тартып алғысы келетін айтады.

«Мен Семей әкімдігінен техника сұрамаймын, ресми құжаттар жасауды өтінемін. Өйткені мен осы жағажайдың негізін қалаушымын. Қала әкімі маған техника бөлінетінін айтты, бірақ жағажай қалалық болады деді. Бұл жағажай қазірдің өзінде 80% жасалған және ол тегін. Әкімдіктің қандай ниеті бар екенін әлі түсіне алмаймын. Мен мұнда кафе орнатып немесе қала тұрғындарының демалысы үшін жақсы жағдай жасағым келеді. Бірақ, ешкіммен келісімшарт жасай алмаймын, өйткені менде ешқандай құжат жоқ. Нақты айтқанда, бізде Шығыс Қазақстан облысы болған кездегі құжаттарымыз бар. Оларды Абай облысына қайта заңдастыра бастағанда, бәрі тоқтап қалды», — дейді Ержан Амарханов.

Еске сала кетейік, өткен жылы өңір басшысы Нұрлан Ұранхаев семейлікті қолдауға дайын екенін айтқан болатын.

Ал қала әкімдігінде жер мемлекеттің иелігінде екенін түсіндірді. Бұл жерде жағажайды ұйымдастыру үшін оған қызмет көрсету туралы конкурстық процедуралар жүргізу қажет екенін айтты.

«Заң бойынша әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорация болу керек. Ол құрылды. Жер учаскесін соның тарапына береміз. Енді екінші мәселе, ӘКК байқау жариялайды. Байқауға атап кеткен кәсіпкер, басқа да кәсіпкерелер қатысатын болады. Біздің тарапымыздан ол кәсіпкердің (Ержан Амархановтың авт.түсінік.) құжаттарына қол қоймау деген болған жоқ, деп айта аламын. 30 маусымда жер комиссиясына шығардық бұл мәселені. Біздің тарапымыздан не керек, біз соны бітірдік», — деді қала әкімінің орынбасары Руслан Базарбаев.

Бүгінгі таңда жағажай мәселесі шешімін әлі де тапқан жоқ. Айта кету керек, Семейде шомылуға рұқсат етілген екі орын бар. Бұл қаланың сол жағалауындағы жастар мен еріктілер күштерімен жабдықталған «Заря» жағажайы және халық арасында Ержан Амархановтын жағажайы деп аталып кеткен Пристань аймағында орналасқан демалыс орны. Барлық қажетті жағдайлары бар ресми қалалық жағажай Семейде еліміз тәуелсіздік алғаннан бері әлі жоқ.

Бақытгүл ҚАЗЕЗ

Сурет автордікі

По сообщению сайта Arna Press