Абай облысы бойынша ҚАЖ департаментінің қызметкерлері әлеуметтік желіде Дарина мен Мақсат (есімдері өзгерген) есімді балалардың арманы «Ninety One» тобының концертіне қатысу туралы бейнежазбаны көріп, балаларға жақсы көңіл-күй сыйлауды шешті, деп хабарлайды Arnapress.kz тілшісі облыстық ҚАЖД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Белгілі болғандай, 15 жасар Дарина мен 13 жасар Мақсат туылғаннан бері церебральды сал ауруына шалдыққан. Анасы балаларды жалғыз тәрбиелеп отыр. Басқа да жеткіншектер сияқты, олардың да сүйікті әртістері бар. Олар көптен бері «Ninety One» тобының концертіне қатысуды армандаған. Бұл жайлы Instagram парақшасына айтқан.
Жақында «Ninety One» тобы өздерінің шоу бағдарламасымен Семей қаласына келді. Абай облысы бойынша ҚАЖ департаментінің қызметкерлері балалардың бұл видео-өтінішін көріп, шетте қала алмады және Дарина мен Мақсаттың көптен бергі арманын орындап, оларға сүйікті әртістерінің концертіне билеттер сыйлады. Балалар өздерінің сүйікті әншілерінің концертіне қатысып қана қоймай, олармен бірге естелікке суретке де түсті.
— Біз бәріміз де бала болдық, біздің де балалық армандарымыз болды. Біз Дарина мен Мақсатқа ұмытылмас эмоциялар сыйлағанымызға өте қуаныштымыз. Өйткені, балалар әрқашан күлімсіреп, балалық шақтан ләззат алуы керек. Біз ересектер, олардың армандарының орындалуына көмектесуіміз қажет — деді Абай облысы бойынша ҚАЖ Департаментінің СЕҰ бөлімінің бастығы Руслан Қамаржанов.
Сурет: ҚАЖД баспасөз қызметі
По сообщению сайта Arna Press