23 ақпанда сағат 15:38-де Орал қаласынан 54 шақырым жерде, Батыс Қазақстан облысы Бәйтерек ауданындағы Чапурино кентінің ашық аумағында «Атырау-Орал-Атырау» бағыты бойынша ұшқан ТЖМ Қазавиақұтқару тікұшағы қонуға мәжбүрлі болғаны туралы ақпарат келіп түсті, деп хабарлайды Arnapress.kz тілшісі ҚР ТЖМ сілтеме жасап.
Қатты екпінмен қону нәтижесінде ТЖМ Қазавиақұтқару төрт қызметкері қаза тапты. Бортта 6 адам — 5 экипаж мүшесі және «ҚазТрансОйл» АҚ-ның 1 өкілі болды. Экипаждың екі мүшесі зардап шекті, оларға алғашқы медициналық көмек көрсетілді.
Ал ҚР ІІМ хабарлауынша тікұшақ апаты бойынша тергеу басталды.
Ішкі істер министрлігінің баспасөз қызметі 23 ақпанда болған оқиға Көліктегі полиция департаментінің сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне ҚР Қылмыстық кодексінің 344-бабы 3-бөлігі, яғни абайсызда екi немесе одан да көп адамның өлiмiне әкеп соққан әуекөлiгi жүрісі немесе оларды пайдалану қауiпсiздiгi қағидаларын бұзу бойынша тіркелгенін хабарлады.
«Қазіргі уақытта ҚР Бас көлік прокуратурасының қадағалауымен осы іс бойынша тиісті тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Басқа ақпарат ҚР Қылмыстық іс жүргізу кодексінің 201-бабының талаптарына сәйкес, тергеу мүддесіне орай жариялауға жатпайды», — делінген хабарламада
Сурет: ҚР ТЖМ баспасөз қызметі
По сообщению сайта Arna Press