Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев наурыздың ортасында халыққа жолдауында саяси реформаларды ұсынатынын мәлімдеді, — деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
«Қандай түбегейлі өзгерістер болатынын қазір айта алмаймын. Бірақ біраз өзгерістер болады. Бұл туралы Мәжілісте сөйлеген сөзімде айттым. Мен бастапқыда жаңа саяси реформаларды күзде жариялаймын деп ойлағам, бірақ саяси реформаларды наурыздың ортасында халыққа Жолдауымда ұсынатын болдым. Қазіргі таңда жұрт реформаларды зор үмітпен күтіп отырғанын білемін. Сондықтан, «Жаңа Қазақстанды бірге құрайық» деп үндеу жолдадым. Онда айтылған мәселелерді көпшілік қолдап отыр.
Жалпы, кез келген қиындықтың артында үлкен мүмкіндіктер тұр. Қытай тіліндегі «дағдарыс» деген сөздің «жаңа мүмкіндіктер» деген мағынасы бар. Осы ретте біз де күш-қуатымызды Отанымызды өркендетуге жұмсайық.
Әрине, азаматтық қоғаммен, дербес сарапшылармен ауқымды диалог жүргізу керек. Өйткені, халықтың пікірі өте маңызды. Мен «Адамдар мемлекет үшін емес, мемлекет адамдар үшін» деген ұстанымды жарияладым. Осыған байланысты Үкіметке тиісті ұсыныстар дайындауды тапсырдым», — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Бұған дейін Мемлекет басшысы «Хабар 24» телеарнасының журналисіне эксклюзив сұхбат берген болатын. Президент қаңтар оқиғалары туралы сұрақтарға жауап беріп, ескертусіз ату туралы бұйрық, Интернетті өшіру мен ақпараттық блокаданың себептерін түсіндірген еді. Сонымен қатар, Мемлекет басшысы парламенттік жүйені реформалау, қазақстандық олигархтар туралы ойын айтты. Екі мерзімнен артық президенттік сайлауға түспейтінін де мәлімдеді.
Өзекті жаңалықтарды сілтемесіз оқу үшін Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!
По сообщению сайта Tengrinews