Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы жариялаған алғашқы дүниежүзілік баяндамаға сәйкес, әлем бойынша 1 миллиардтан астам адамның көру қабілеті өте нашар және оның тең жартысы тиісті ем жолын қарастырмайды. Бүгінде офтальмологиядағы технологиялар жалпы медицинаның ең тиімді және инновациялық тәсілі болса да, адамдардың көз операциясына қатысты күдігі әлі де сейілмей тұр. Австрияның медицина докторы Рейнхард Шранц Tengrinews.kz тілшісіне берген сұхбатында лазермен жасалатын операция және оның кімге қажет екенін айтып берді.
Австриялық офтальмолог Рейнхард Шранц әңгімесін дәстүрлі медицинадағы лазермен жасалатын операциядан бастады.
«Лазермен жасалатын операция, ең алдымен, көздің көру қабілетін оңалтуға және көзілдірік пен контакт линзаларынан біржолата арылуға бағытталады. Негізі көздің сыртқы қабығының өзін табиғи линза деп қарастырғанымыз жөн, сондықтан түрлі себептерге байланысты оған да ауыртпашылық түседі. Бұл операцияның алдында өтетін кешенді диагностиканы қажет етеді», — дейді ол.
Дәрігердің айтуынша, көз операциясы кез келген адамға жасала бермейді. Шранц оның себептерін бірнеше факторға сыйғызды.
«Біріншіден, пациенттердің жасын, жалпы денсаулығын және көздің жағдайы мен қабақтың тұрақты функциясын ескереміз. Екіншіден, лазермен операция жасату үшін жасыңыз 18-ден асуы қажет, бұл басты критерий десем болады. Неге десеңіз, кәмелет жасына толмаған жасөспірімдерде көз алмасы белсенді өсіп, рефракция әр 6 ай сайын өзгеріп отырады. Көру қабілетін лазермен операция арқылы жақсарту жүкті әйелдерге және пресбиопиясы бар 45 жастан асқан пациенттерге де болмайтынын айтқым келеді. Сондай-ақ, 60 жастан асқан адамдардан катаракта, глаукома және басқа да ретиналды ауруларды жиі байқаймыз. Бұл жағдайда дәрігер емнің басқа жолдарына басымдық беруі керек. Мәселен, катаракта кезінде бұлыңғыр линзаны жасанды линзаға ауыстырады. Ал ең маңыздысы, омиопия -9 диоптрияға дейін, астигматизм -5 диоптрияға дейін және гиперопия +4-5 дипотрияға дейінгі көрсеткіште болуы маңызды, сонда ғана операция сәтті болады. Өз тәжірибеме сүйенетін болсам, жыл сайын операция алдындағы диагностикадан 15 пайызға жуық пациент өтпей қалады», — деді шетелдік офтальмолог.
Сонымен қатар ол, лазермен операция жасату үшін қандай анықтамалар қажет екенін айтты.
«Операция алдында пациент міндетті түрде флюорографиядан өтеді және қан арқылы берілетін инфекцияларға (АИТВ, гепатит және мерез)анализ тапсырады. Егер кешенді тексеруден кейін науқаста медициналық шектеулер болмаса және қабақтың функциясы өз қалпында болса, пациент лазермен жасалатын операция түрін өзі таңдай алады. Ал менің кеңесім, жоғары санатты дәрігердің көмегіне жүгінген жөн, себебі операция ішкі түйсікті емес, нақты дәлелдемені сұрайды», — дейді Рейнхард.
Офтальмолог лазермен жасалатын операцияның тиімді 5 әдісін атап, соның ішіндегі ең тиімді жолына тоқталды.
«Бүгінде көзге арналған лазермен жасалатын операцияның кең танылған әрі тиімділігі жоғары 5 түрі бар: фоторефрактикалық кератэктомия, LASIK, Femto LASIK, LASEK және ReLEx SMILE. Мен осының ішінде ең соңғысына тоқталғым келіп тұр. Өйткені, ReLEx SMILE миопия мен астигматизмді емдеуге арналған инвазиясы аз операция екенін біле жүріңіздер. Дәстүрлі LASIK операциясында көздің қабығының пішінін өзгерту үшін эксимер лазері қолданылса, ReLEx технологиясы қабыққа жоламайды, өйткені VisuMax фемтолазері қабықтың ішінде лентикула дискісін құрайды. Лоскут жоқ болғандықтан, ешқандай да асқыну болмайды. Сол себепті де осы операция түріне жүгінетіндер көп», — дейді ол.
Рейнхард Шранцтың сөзінше, лазермен жасалатын операциялар ары кеткенде 1 минутқа дейін созылады.
«Кез келген операция амбулаториялық емсіз, яғни жатқызусыз 1 күн режимінде жүргізіледі. Пациент операция бөлмесінде бар-жоғы 15 минут болады, ал лазермен жұмыс 25 секундтан 1 минутқа дейінгі аралықты қамтиды. Одан кейін қалыпқа келу процесі де жылдам өтеді.Пациенттер көп жағдайда 2-3 күннен кейін-ақ бұрынғы қалыптарына келеді, десе де бұл адамның ағзасына байланысты екенін ұмытпайық. Біреуі бірнеше сағат ішінде өзін ойдағыдай сезінсе, басқаларына 1-2 күндік демалыс керек. Операциядан кейін міндетті түрде көз тамшыларын жазып береміз, оның арқасында науқастар ауыртпашылықты байқамай да қалады.», — деді дәрігер.
Ол лазермен жасалатын операциядан кейінгі өзгеріс туралы да сөз қозғап, контактілі линзаның ерекшелігін жеткізді.
«Бұл өте күрделі сұрақ, себебі операциядан кейін әр адамның көру деңгейі әртүрлі болады. Әдетте біз операция алдында науқастарға диагностикадан өткен көзілдірік не линза кигізіп, олардың көру деңгейін анықтаймыз. Бұл не үшін қажет? Операциядан кейін пациенттер дәл көзілдірік пен линзадағыдай көретін болады, яғни ешқандай да офтальмологиялық аксессуарға жүгінбей, қалыпты көру деңгейіне оралады. Біз лазермен контакт линзасын көздің қабығынан тартамыз, ол сол жерде мәңгіге қалады, бірақ енді линзаны алып тастаудың қажеті болмайды. Одан ары жақсартуға біздің мүмкіндігіміз жоқ. Шындап келгенде, лазермен жасалатын операцияны косметикалық хирургияға жатқызуға болады. Көздің өзі сау болуы мүмкін, ал оның бетіндегі микроөзгерістер адамды миопиядан, гиперопиядан және астигматизмнен құтқару үшін жеткілікті», — дейді Рейнхард Шранц.
Сондай-ақ, австриялық офтальмолог көзге жасалатын операцияның қандай жағдайда тиімсіз болатынын айтты.
«Адамның көзі қабақтың жағдайына ғана байланысты емес. Көздің көлемі, линзаның, тордың және оптикалық нервтің өзара байланысы да ескеріледі. Егер адамның көру қабілетін жақсартуға көзілдірік те көмектеспесе, біз оған 100% кепілдік бере алмаймыз. Ол кезде офтальмологтан бөлек, ондаған дәрігердің консилиумы қажет болады, өйткені бұл жағдайда адам азғасының бірнеше мүшесінде ақау болуы мүмкін», — деді ол.
Сөз соңында Рейнхард Шранц лазермен жасалатын операцияға жүгінгісі келетін пациенттерге кеңес берді.
«Көзге жасалатын лазермен жасалатын операцияның әсері тұрақты, бірақ белгілі себептермен көру көрсеткіші төмендеуі мүмкін. Адамның көзі күрделі орган екенін ескерсек, оның әртүрлі құрылымдарына зақым келуі мүмкін. Бұл арқылы пациенттерді операциядан кейін босаңсымауға шақырамын. Көздің көру қабілетіне зиян келетін барлық іс-әрекеттен аулақ болып, қандай да бір аурудың симптомы пайда болғанда бірден дәрігерге жүгінуге шақырамын. Мұндай жағдайда проблеманы өте оңай жолмен шешуге болады», — деді ол.
Әңгімелескен Мұхтар Жәмішжанов
Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!
По сообщению сайта Tengrinews