«Аллергиясы бар науқастарға коронавирустан қауіп көп» — америкалық иммунолог 04 февраля 2022, 15:37

Дата: 04 февраля 2022 в 15:43 Категория: Соңғы жаңалықтар қазақша


COVID-19 пандемиясы ауа тазалығына қатысты бұрын-соңды болмаған ғылыми болжамдардың расталуына мүмкіндік ашты. Әсіресе, маска тағу тәртібі мен санитариялық шаралардың арқасында өкпенің созылмалы обструкциялық ауруы, демікпе және аллергия қозуы азайып, дәстүрлі ем түрі біршама түрленді. Америкалық аллерголог және иммунолог Кортни Блэр Tengrinews.kz тілшісіне берген сұхбатында коронавирус кезіндегі аллергиялық аурулар және оларды емдеудің ерекшеліктері туралы айтып берді.

Блэрдің айтуынша, аллергиясы бар науқастарға коронавирус инфекциясының таралуына байланысты қауіп төніп тұр.

«Аллергия — күрделі және болжамға келмейтін ауру. Аллергия бір түрден екінші типке модернизацияланып отырады, яғни үздіксіз қимылда. Біз болжағандай, коронавирус індеті келісімен аллергия да түрленді. Жаңа пайда болған вирустар тыныс алу жолдарының шырышты қабатын нашарлатып, аллергиясы бар науқастарды қиын жағдайға әкелді. Ең алдымен, поллиноз және бронх демікпесі бар науқастар жүз есе сақ болуы қажет. Бұл сырт көзге байқалмауы мүмкін, өйткені аллергия туберкулез не обыр ауруы емес, оның симптомдары мен салдары кейіннен байқалады», — дейді ол.

Аллерголог пандемия салдарынан аллергияны коронавирустан ажырату қиындағанын ескертеді. Оның айтуынша, дәрігердің көмегінсіз ешқандай амалға бармау керек.

«Аллергия көп жағдайда белгілі маусым аралығында қозады. Ең қауіпті айлар – сәуір мен тамыз. Бұған дейін маусымдық аллергия флораның географиялық ерекшелігіне байланысты болса, қазір вирустардың таралуы да әжептеуір роль ойнайды. Сондықтан аллергия мен коронавирустың белгілері өте ұқсас: дене қызуы, лакримация, мұрыннан су ағу, тамақтың ауруы. Аллергиялық ринит кезінде, тіпті, иістің жоғалуы да байқалады. Егер осы симптомдарға құрғақ жөтел мен дәм сезбеу қосылса, COVID-19 инфекциясына қарсы тест тапсырған дұрыс болады. Ары қарай міндетті түрде дәрігердің қабылдауында болып, қажетті емді алған дұрыс, неге десеңіз, бұл белгілер аллергия жолдарына жатпайды, сондықтан байқау керек», — дейді ол.

Сонымен қатар, Кортни Блэр тағы бір болжамды симптомға тоқталып, КВИ кезіндегі тері бөртпесінің пайда болу жолдарын түсіндірді.

«Ашығын айту керек, медицина әлі де коронавирус инфекциясын толыққанды зерттеп үлгерген жоқ. Бүгін бір жаңалық шықса, ертесіне оның орнына басқа бірнеше дәлелдемелермен тап келіп жатырмыз. Иә, кейбір елдердің ғалымдары жаңа вируспен байланысы бар тері қабынуын да айтып жатыр, бірақ бұл нақты зерттеу жұмысы емес. Олай дейтін себебіміз, бір-екі пациенттің жауабының негізінде тұтас симптом шығаруға болмайды. Мен мұны былай түсіндірейін, папуловезикула және токсидермия деген топтар бар. Біріншісінде жоғары температураның салдарынан дене терлегенде бөртпе пайда болса, екіншісінде коронавирусты емдеуде қолданылатын дәрі-дәрмектерге қарсы реакциядан тері қабынуы туады. Ал шын мәнінде бір-бірін қоздырған бөлек ауру мен инфекция», — дейді аллерголог.

Ол мұны адамдардың дәрі-дәрмекті рекомендациясыз қабылдайтындығымен байланыстырады.

«Коронавирус талай адамның есін шығарды, қазір жағдай кішкене де болсын тынышталса да, осыдан бір жыл бұрынғы қарбаласты ұмыта алмаймын. Адамдар қолда не дәрі бар, соның барлығын қабылдай бастады. Оның ішінде дәрумендер де бар, антибиотиктер мен басқа да денсаулыққа зиянды препараттар көп. Мұның барлығы аллергиясы бар адамдардың ағзасына зиян екенін айтқым келеді. Бірнеше аурудың симптомы осылай пайда болады. Бұл тек аллергиямен ауыратын науқастарға ғана емес, барлық адамға қатысты. Дәрі-дәрмекті тек маманның нұсқаулығымен сатып алған жөн», — дейді америкалық дәрігер.

Аллерголог осы жағдайда қандай ем жолдары қарастырылғаны туралы да айтып берді.

«Негізі коронавирус жұқтырған аллергиясы бар науқастар үшін арнайы ем жолы қарастырылмаған. Барлық пациент тең жағдайда емделеді, себебі оған арнайы себеп те жоқ. Басты айырмашылығы аллергиямен ауыратын пациенттерге антигистаминді мен антилейкотриенді препараттарды қоса беру қажет. Өйткені бұлар иммунды жүйенің вирусқа қарсы өздігінен күресуіне көмектеседі. Ал кері реакция тудыратын препараттар туралы айтатын болсақ, бұл жерде әр пациентті жеке қараған дұрыс» — дейді Блэр.

Сөз соңында ол аллергиясы бар науқастардың коронавирусқа қарсы вакцинаны қалай алу керек екендігін жеткізді.

«Міндетті түрде вакцина сатылы анализдердің нәтижесінен кейін жасалуы қажет. Ешқандай да дәрігер аллергиясы бар пациентті қажетті анықтамасыз қабылдамайды. Екпенің құрамымен толық танысып шыққан соң ғана тиісті шаралар қолданылуы керек. Егер бірінші компоненттен кейін анафилактикалық реакция болса, үзілді-кесілді вакцинадан бас тартқан жөн. Десе де, кез келген адамның жағдайы бөлек қаралуы керек, мұны ұмытпайық», — дейді Кортни Блэр.

Әңгімелескен Мұхтар Жәмішжанов

Өзекті жаңалықтарды сілтемесіз оқу үшін Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!

По сообщению сайта Tengrinews