2022 жылы қазақстандық жанкүйерлерді бірқатар қызық жарыс күтіп тұр. Оның ішінде қысқы Олимпиада, футзалдан Еуропа чемпионаты, әлем чемпионаттары бар. Tengrinews.kz тілшісі 2022 жылы өтетін басты спорт жарыстарын жинап шықты.
Футзалдан Еуропа чемпионаты
Келесі аптада Нидерландының Амстердам мен Гронинген қалаларында футзалдан Еуропа чемпионаты басталады. Жарыс 19 қаңтар мен 6 ақпан арасында өтеді.
Былтыр әлем чемпионатында жартылай финалға жеткен Қазақстан құрамасынан жанкүйерлер медаль күтері анық. Оған негіз де бар, себебі біздің футзалшылар кейінгі екі құрлықтық жарыстың біреуінде қола медаль алса, кейінгісінде төртінші орынды місе тұтқан. Сондықтан Қазақстан құрамасын фавориттердің бірі деуге болады.
©ҚФФ
Кака шәкірттері В тобында Италия, Финляндия және Словения құрамаларымен кездеседі. Алғашқы ойын 20 қаңтарда Словенияға қарсы өтеді.
Бокстан жастар арасындағы Азия чемпионаты
Бұл жарыс та бокссүйер жанкүйерге қызық. Себебі Азия чемпионатына 22 жасқа дейінгі боксшылар қатысады. Яғни, бұл турнирге қатысатындар бірер жылда ел құрамасының намысын қорғайды. Биыл сол боксшыларды бағалайтын мүмкіндік туып тұр.
Фото: olympic.kz
Негізі Азия чемпионаты былтыр желтоқсанда өтуі керек еді, бірақ шегерілді. Енді бұл жарыс 23-30 қаңтар арасында Ташкентте өтеді.
Чемпионатқа құрлықтың түкпір-түкпірінен 200-ге жуық боксшы қатысады. Жігіттер 13 салмақта, қыздар 12 салмақта медальдар сарапқа салады.
Қысқы Олимпиада ойындары
Ал 4 ақпанда Қытай астанасы Пекинде XXIV қысқы Олимпиада ойындары басталады. Қысқы спорттағы ең басты жарыс 20 ақпанға дейін созылады.
Фото: olympic.kz
Расын айтқанда, қысқы спорттағы қазақстандықтар Олимпиадада жанкүйерлерін жиі қуанта бермейді. Жалпы, қысқы Олимпиада тарихында Қазақстан сегіз медаль еншілеген. Оның төртеуін 1994 және 1998 жылдары Владимир Смирнов сыйлаған.
Кейінгі үш Олимпиадада Қазақстан бір медальдан еншілеп отырған. 2010 жылы биатлоншы Елена Хрусталёва күміс, 2014 жылы мәнерлеп сырғанаушы Денис Тен мен 2018 жылы фристайлшы Юлия Галышева қола медаль таққан болатын.
Пекинде де фристайл-могулдан жүлде күтеміз.
Одан бөлек, 4-13 наурызда Пекинде қысқы Паралимпиада ойындары өтеді.
Футболдан Ұлттар лигасы
24 және 29 наурызда футболдан Қазақстан құрамасы УЕФА Ұлттар лигасының С дивизионында қалуға талпынып көреді. Футболшыларымыз Молдовамен кездеседі. Екі матч қорытындысы бойынша қай команда С дивизионында қалатыны, қай команда соңғы дивизионға түсетіні белгілі болады.
©ҚФФ
Алғашқы ойын 24 наурызда Кишиневте, қарымта матч 29 наурызда Нұр-Сұлтанда өтеді деп жоспарланып отыр.
Допты хоккейден әлем чемпионаты
Негізі командалық спортта әлем чемпионатында медаль алуға қауқарлы құрамамыз аз. Футзалды айттық, одан бөлек допты хоккейден Қазақстан құрамасы да үздіктер қатарына кіреді.
Фото: РИА Новости©
Әрине, допты хоккей дүние жүзі бойынша үздік спорттар қатарына кірмейді. Бірақ құрамамыз бұл спортта үздіктер қатарында. 27 наурыз бен 3 сәуір арасында ресейлік Сыктывкарда осы спорттан әлем чемпионаты өтеді.
Қазақстан құрамасы 2015 жылы әлем чемпионатының қола медалін иеленген. Ал 2019 жылғы кейінгі жарыста жартылай финалға дейін жеткен болатын.
Күрестен Азия чемпионаты
19-24 сәуір арасында Моңғолия астанасы Ұлан-Батырда күрестен Азия чемпионаты өтеді. Балуандарымыздың жанкүйерлер сенімін қайтаратын мүмкіндігі осы. Себебі былтыр Токио Олимпиадасында Нұрислам Санаев қана жүлдегерлер қатарынан көрінген.
Фото ©REUTERS
Былтыр Азия чемпионаты Алматыда өтіп, қазақстандық балуандар жалпы алғанда 17 медаль иеленген. 2020 жылы Нью-Делиде 19 медаль қоржынға түскен еді. Биыл Ұлан-Батырда да командамыздан алтын медальдар күтеміз.
Шайбалы хоккейден әлем чемпионаты
13-29 мамырда Финляндияның Хельсинки мен Тампере қалаларында шайбалы хоккейден әлем чемпионаты өтеді. Былтыр Қазақстан құрамасы әлем чемпионатында қалай өнер көрсеткені есімізде. Әлем чемпионы Финляндияны, кейін Италия мен Германияны жеңгені бар.
Фото: ҚХФ©
Әлем чемпионатында 10-орын алып, плэй-офф кезеңіне бір қадам ғана жетпей қалған еді.
Финляндияда сол жетістікті қайталау қиын болады, оның үстіне құрама ойыншыларын жинап алған «Барыс» әзірше сенімді ойнап жүрген жоқ.
Су спорты түрлерінен әлем чемпионаты
Су спорты елімізде аса танымал емес. Елімізде аса дами қоймаған. Қазақстан құрамасы су спортынан әлем чемпионатында ешқашан жүлде алып көрмеген.
Енді спортшыларымыз алғашқы жүлдесін жапониялық Фукуокада алуға тырысады. 13-29 мамырда онда су спортынан әлем чемпионаты өтеді.
Расын айтқанда, АҚШ, Қытай спортшылары тұрғанда жүлде алу қиын. Бірақ кезінде Дмитрий Баландиннен де ешкім медаль күтпеген. Сондықтан, мамырда Фукуокаға да назар салып жүру қажет.
Фото: olympic.kz, Тұрар Қазанғапов©
XIX жазғы Азия ойындары
Азияның ең басты додасы 10-25 қыркүйек арасында қытайлық Ханчжоуда өтеді. Сары құрлықтың ең мықты спортшылары XIX жазғы Азия ойындарына жиналады.
Азиадада басты үштік бар — Қытай, Жапония, Оңтүстік Корея. Қазақстан медальдар есебінде осы үштікті алға жіберіп, көбіне төртінші орында жүретін. Бірақ 2018 жылғы Азиада сәтсіз болды. Қазақстан 15 алтын, 17 күміс және 44 қола медальмен командалық есепте 9-орын алған еді. Енді Ханчжоуда соның есесін қайтару қажет.
Фото: esports.net
Спортшыларымыз Токиодағы сәтсіздік орнын осы Азиададағы «алтынмен» толтыруға тырысатын шығар.
Күрестен әлем чемпионаты
Көктемде Азия чемпионатына қатысатын балуандарымыз күзде әлем чемпионатында бақ сынайды. Бұл екі жарысқа бір құрам бара ма, әлде екі түрлі құрам өнер көрсете ме — белгісіз.
Күрестен әлем чемпионаты 10-18 қыркүйек арасында Сербияның Белград қаласында өтеді.
Фото: championat.com
Былтырғы әлем чемпионатында Қазақстан құрамасы бір күміс пен бір қола жүлде еншілеген. Жалпы, Қазақстаннан әлем чемпионы шықпағанына талай жылдың жүзі болды. Балуандарымыз Белградтан, бәлкім, «алтынмен» оралып қалар.
Футболдан әлем чемпионаты
Бұл — осы материалда Қазақстан қатыспайтын жалғыз жарыс. Дегенмен қазақстандық жанкүйерлер оны тағатсыздана күтері анық. 21 қараша мен 18 желтоқсан арасында Катарда футболдан әлем чемпионаты өтеді.
Фото: China Daily
Катарда жазда күн ыстық болуына байланысты жарыс қысқа жоспарланған. Яғни, бұл қыста өтетін алғашқы әлем чемпионаты болмақ. Өкінішке қарай, осындай бірегей әлем чемпионатында да қазақстандық жанкүйерлер шетелдік құрамалардың тартысын тамашалайды.
Қазақстан құрамасы іріктеу кезеңінде D тобында соңғы орын алған болатын.
По сообщению сайта Tengrinews