Кеше ТМД елдерінің басшылары Санкт-Петербургте бейресми кездесу өткізді. Онда пандемиядағы жағдай, экономика мен экология мәселелері көтерілді. Tengrinews.kz тілшілері мемлекет басшылары кездесуде не талқылағанын жазды.
Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына мүше мемлекеттер басшыларының дәстүрлі бейресми кездесуіне Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевпен қатар Тұңғыш Президент — Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев, Әзербайжан президенті Ильхам Әлиев, Арменияның премьер-министрі Никол Пашинян, Беларусь президенті Александр Лукашенко, Қырғызстан президенті Садыр Жапаров, Ресей президенті Владимир Путин, Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон, Түрікменстан президенті Гурбангулы Бердімұхамедов, Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёев қатысты.
Жиын барысында ТМД-ға мүше мемлекеттердің басшылары 2021 жылғы ықпалдастықты қорытындылап, алдағы кезеңдегі өзара тиімді ынтымақтастықты одан әрі нығайту және дамыту, сондай-ақ экономикалық және мәдени-гуманитарлық салалардағы бірлескен жобаларды жүзеге асыру жөніндегі ортақ жоспарды талқылады.
Путин Назарбаевқа алғыс айтты
Бейресми кездесудің алдында Владимир Путин Нұрсұлтан Назарбаевқа Еуразиялық экономикалық одақ құру туралы идеясы үшін алғыс айтты.
«Сізді Ресейде, Петербургте көргенімізге қатты қуаныштымыз. Келгеніңізге рақмет. ЕАЭО-ны дамыту бойынша әріптестерімізбен жиналған кезде әрқашан бұл идеяның Сізге тиесілі екенін еске түсіретінімізді айта кету керек. Осы одақтың бастамашысы болғаныңыз үшін Сізге алғысымыз зор», — деді Путин.
Ол пандемия жағдайында бүкіл әлемде өндіріс деңгейі төмендегенде, ЕАЭО шеңберінде бұрын пысықталған тетіктер мен құралдар тиімді жұмыс істеп жатқанын айтты. Путин Ресей мен Қазақстанның ынтымақтастығы туралы да айтты. Оның айтуынша, өткен жылғы күрделі кезеңде экономика құлдырауына жол берілмеген (4 пайыз), ал биыл өсім 30 пайыздан асқан. «Бұл — бірлескен қызметіміздің өте маңызды нәтижесі», — деді Ресей президенті.
© РИА Новости
Назарбаев Қазақстан мен Ресей арасында 24 миллиард тауар айналымы болатынын, бұл бұл пандемияға қарамастан барлық жылдағы рекордтық көрсеткіш екенін айтты.
«Біздің міндет — Еуразиялық экономикалық одақты одан әрі дамыту, қауымдастырылған мүшелерді, бақылаушыларды қабылдау, олар қазірдің өзінде бар. Сонда бәрі бұл тиімді екенін, консенсуспен жұмыс істейтін, ешкімді алаламайтын, көңіліне тимейтін және барлық мүшесінің мүддесін ескеретін бірлестік екенін түсінеді», — деді Қазақстан Тұңғыш Президенті.
«Спутник V» шешуші роль атқарды»
Ал Қасым-Жомарт Тоқаев коронавирусқа қарсы «Спутник V» вакцинасы Қазақстанда COVID-19-бен күресуде шешуші роль атқарғанын атап өтті.
Мемлекет басшысы пандемия кезінде көмек көрсеткені үшін Владимир Путинге алғыс айтты.
«Қазақстанға қиын кезеңде қолдау көрсеткеніңіз үшін ризашылығымды білдіремін. Ортақ уағдаластықты орындау мақсатымен Қарағандыда ресейлік «Спутник V» технологиясы негізіндегі бірлескен өндірісті жолға қоя алдық. «Спутник V» вакцинасы COVID-19 індетінің таралуына тосқауыл қою ісінде шешуші роль атқарды деп айтуға болады», — деді Президент.
Фото: akorda.kz
«Спутник V» омикроннан қорғай ма?
Сонымен қатар, Тоқаев омикрон штамына тоқталды. Осыған байланысты Мемлекет басшысы кездесуде Ресейдің бас санитария дәрігері Анна Поповаға омикрон штамына қатысты бірқатар сұрақ қойды.
«Бірлескен әрекеттің әлеуеті қандай? Жалпы, бұл вирустың зиян әсерлеріне қатысты болжамдарыңыз қандай?» — деп сұрады Тоқаев.
«Вакцина салдырмаған адамдарда ғана симптомдары қатты білінеді, қатар жүретін аурулары бар адамдар: ауыр қант диабеті, ауыр онкологиямен ауыратын науқастарда да солай», — деді Попова.
Фото: akorda.kz
Ал Александр Лукашенко Поповадан «Пандемия әлсіреп жатқан шығар?» деп сұрады.
«Біз өзімізді мұндай үмітпен жұбата алмаймыз. Біз өзімізді вирус тарауына қарсы тұруға және адамдарды қорғауға дайындаймыз», — деп жауап берді Ресейдің бас санитария дәрігері.
Владимир Путин болса, «Спутник V» вакцинасы омикроннан қорғай алатынына сенім білдірді.
«Вакцинаның бейтараптандыру тиімділігі — шамамен 90 пайыз», — деді Ресей басшысы.
«Бұл індет Түрікменстанда тіркелген жоқ»
Түрікменстан президенті Гурбангулы Бердімұхамедов те «Спутник V» вакцинасы туралы ойын айтты.
«Бүгінге дейін бұл індет Түрікменстанда тіркелген жоқ, мен бұл Ресей Федерациясының арқасында деп айтқым келеді. Біз «Спутник V» және «ЭпиВакКоронаның» екеуін де алғашқылардың бірі болып тіркедік. Оның үстіне бүгінде біздің тұрғындарға «Спутник V» және «ЭпиВакКорона» вакцинасы егілді. Күні кеше ғана бізге «Спутник Лайт» жеткізілді, ол қазірде бустерлік вакцина ретінде қолданылып жатыр. Сондықтан біз алғыс айтамыз», — деді Бердімұхамедов.
Фото: akorda.kz
«Ресейде мамандар дайындаймыз»
Ал Тоқаев пандемиядан бөлек білім беру саласына да тоқталды. Ол білім беру, цифрландыру, энергетика және басқа да салалардағы ықпалдастықты нығайту керегін атап өтті.
«Білім беру саласындағы келісім — өте маңызды. МФТИ және Бауман атындағы Мәскеу мемлекеттік техникалық университеті сияқты Ресейдің жетекші жоғары оқу орындарының филиалдарында мамандар даярлауға ниеттіміз», — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Путин Тоқаев көтерген мәселе маңызды екенін айтып, оны келесі жылдың басында Ресейге шақырды.
Фото: akorda.kz
«Ауғанстанмен шекарадағы жағдай алаңдаушылық тудырады»
Сонымен бірге Тоқаев Ауғанстандағы жағдайға тоқталды. Мұны ол Тәжікстан президенті Эмомали Рахмонмен сөйлесіп жатқанда айтты.
«Қазір Ауғанстанмен шекарадағы жағдай алаңдаушылық тудырады, біз сіздермен үнемі байланыстамыз. Біз Тәжікстанның қорғаныс қабілетін нығайту бағытында белсенді жұмыс істеп жатқанымызды білесіздер. Жақында біздің келісімдерімізге сәйкес Тәжікстан Қарулы Күштерін нығайту үшін қажетті қару-жарақ пен техника жеткізілді», — деді Владимир Путин.
Фото: akorda.kz
Ал Рахмон Путинге «Ресей Тәжікстанның басты сауда және экономикалық әріптесі екенін» айтты.
Өзбекстан экология мәселесіне тоқталды
Ал Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёев ТМД-ны одан әрі дамытудың басымдықтары туралы айта отырып, саяси, экономикалық және гуманитарлық ынтымақтастыққа баса назар аударуды ұсынды.
«ТМД кеңістігінде толыққанды еркін сауда аймағын қалыптастыру және көлік байланысын нығайтудың маңызды екені атап өтілді», — делінген Өзбекстан президентінің баспасөз қызметі таратқан ақпаратта.
Өзбекстан президенті жиынға қатысушылардың назарын жаһандық климаттық мәселелерге бұрып, экологияға бағытталған ұлттық бағдарламалар мен стратегияларды іске асыруда күш-жігерді біріктіру керегін айтқан.
По сообщению сайта Tengrinews