Цой бір жарым жылда қандай мәлімдемелер жасады? 20 декабря 2021, 17:36

Дата: 20 декабря 2021 в 17:43 Категория: Соңғы жаңалықтар қазақша


Бүгін Алексей Цой денсаулық сақтау министрі лауазымынан кетті. Ол бұл қызметті 2020 жылдың маусымынан бері атқарып келген. Tengrinews.kz тілшісі экс-министрдің бір жарым жылдық жұмысына көз жүгіртіп, айтқан мәлімдемелеріне шолу жасады. 

Алексей Цой министр қызметінде шамамен 900 мың теңге жалақы алып келді. Бұл туралы өзі брифингте айтқан. Ол Мәжіліс кулуарында отбасында бес адам барын және оларға азық-түлік алуға қанша ақша жұмсайтынын да айтқан еді. 

«Отбасымда 5 адам бар, азық-түлік шығындарына орташа есеппен аптасына 50-70 мың теңге жұмсаймыз. Мұның бәрі отбасылық жиын немесе басқа нәрселерге байланысты. Біз де басқалар секілді қарапайым дүкендерге барамыз. Сондықтан бұл — қалыпты жағдай», — деді ол.

Бүгінде Қазақстанда халықтың 73,4 пайзы вакцина салдырған. Бұл дегеніміз 8 миллион 363 мыңнан аса адам. Ал Алексей Цойдың өзі биыл 26 сәуірде тікелей эфирде қазақстандық QazVac екпесін салдырған болатын. 

2021 жылдың соңына дейінгі эпиджағдай бойынша болжам

Цой биыл қаңтарда 2021 жылдың соңына дейінгі эпиджағдай бойынша болжам жасаған еді. Ол ауырғандар саны наурыздың соңында көбеюі мүмкін екенін айтқан. 

«Пессимистік сценарий бойынша, тәулігіне 6-9 мың қазақстандықтан коронавирус анықталуы мүмкін. Бұл жағдайда 45 мыңға дейін артық төсек-орын дайындалады. Бұл жағдайда карантин шаралары қатаңдауы мүмкін.

Болжам бойынша, 2 миллион адамға вакцина салынған жағдайда алғашқы жартыжылдықта вирус жұқтырғандар саны 40 мыңға дейін азаяды. Бірінші кезеңдегі вакцинация иммунитет қалыптастыру үшін керек және бір мезетте бірнеше адамға вакцина салу мүмкін емес. Кейіннен вакцинацияның әсері болып, елдегі эпиджағдайдың тұрақтануына әсер етеді», — деген еді ол.

Наурыздың басында шынымен аурушаңдық көбейді. Алайда вирус жұқтыру шыңы шілденің соңында болды. 29 шілдеде Түркістан облысынан басқа барлық өңір «қызыл» аймақта болды. 

Цой Тоқаевқа Қазақстанда дәрі тапшылығы болмайтынына уәде берді

Былтыр коронавирустың өршіген сәтінде дәріханаларда дәрі-дәрмек тапшылығы сезілген еді, бар болғанның өзінде бағасы көтерілгені хабарланған. Осы кезде Тоқаевтың дәрі-дәрмек бағасына қатысты айтқан сынына ДСМ экс-басшысы ведомство дәрілік заттарға шекті бағаларды реттеу және қалыптастыру қағидаларын қайта қарағанын айтқан еді. 

«Қазіргі уақытта бізде антиковид препараттарына арналған маркетинг шығындары толық жойылып жатыр. Медициналық қызметте дүрлігу болмауы үшін және ол қолжетімді болуы үшін көтерме және бөлшек баға екі есе төмендеді. Біз амбулаторлық деңгейде коронавирус инфекциясы мен пневмониямен ауырып жатқандарға, жалпы бөлшек сауда дәрі-дәрмекпен тегін қамтамасыз етілді. Осылайша, біз антиковид желісі бойынша дәрілік препараттардың бағасын 27 пайызға төмендеттік», — деді Цой Тоқаевқа. 

Цой айтылған сындарға қалай жауап берді? 

Цой қызметі барысында депутаттардың сынына да қалған еді. Мәжіліс депутаты Ирина Унжакова ол вакцинация бойынша жұмысты шала атқарғанын және Денсаулық сақтау министрлігі коронавирусқа қарсы күресте өз тәжірибесінен де, әлемдік тәжірибеден де сабақ алмағанын мәлімдеген болатын.   

Ирина Унжакова, Алексей Цой. Фото: paarlam.kz, gov.kz

Осаған ведомство басшысы Қазақстанда халықтың вакцинаға деген қажеттілігін қамтамасыз ету үшін барлық шара қабылданғанын атап өтті: Қарағанды фармацевтикалық кешенінің базасында вакцина шығаратын алаң ұйымдастырылды, Қазақстанда өндірілген вакцина әзірленіп жатыр, бүкіл ел бойынша егу кабинеттері ашылды. Сонымен қатар, Қазақстан халықты вакцинациялау бойынша кампанияны кесте бойынша — биылғы 1 ақпаннан бастаған елдер қатарында екенін айтты. 

«Қоғамның бір бөлігінің COVID-19-ға қарсы вакцинацияға деген күмәніне қарамастан, кезең-кезеңімен иммундау қолданылатын вакцинаның тиімділігі мен сапасына көз жеткізуге мүмкіндік берді. Биылғы сәуір айында тағы 2,5 миллион доза жеткізу жоспарланып отыр. Бұл бірінші жартыжылдықтың соңына дейін ҚР-ның 6 миллион тұрғынын КВИ-дан иммундаумен қамтуға мүмкіндік береді.

Осыған байланысты, сәуір айынан бастап вакцинациялауға жататын тұлғалар тобын барынша кеңейту жоспарланып отыр. Процесті жеделдету үшін барлық егу кабинетін іске қосу бойынша шаралар қабылданды, сондай-ақ ұйымдасқан ұжымдарда адамдарды иммундау үшін жылжымалы/көшпелі егу бригадалары тартылады», — деген еді ведомствоның экс-басшысы.

Алайда депутаттың нақты сұрақтарына жауап бермеді. Депутаттың сөзінше, елде вакцина жетіспеушілігі былтырғы жағдайды еске түсірген. Денсаумин өз жауабында халықтың вакцинаға қолжетімділігін қанағаттандыру мақсатында қолдан келген шаралардың бәрі атқарылып жатқанын айтып отыр. Алайда, депутат Унжакованың пікірінше, қазақстандық вакцинаға қатысты бірқатар мәселелер шешілмеген күйінде қалып отыр, себебі бүгінгі күні уақытша тіркеуді алу туралы ақпарат қана бар.

Депутат Лариса Павловец Алексей Цойға қазақстандықтармен ауруханаларда сөйлесуге кеңес берген болатын. Депутаттар одан «жертөледен шығуға» шақырған.

Мәжіліс отырысында депутат ДСМ басшысынан медициналық қызметтердің қолжетімділігі мен сапасын жақсарту үшін бөлінген 1,6 триллион теңге қаншалық тиімді пайдаланылғанын сұрады және «Пациенттердің медициналық көмек сапасына қанағаттануы» көрсеткіші әлі күнге дейін 53,3 пайыз екенін айтты. 

Бұған Алексей Цой Қазақстандағы медициналық қызметтерге қанағаттану деңгейіне келісіп, бірнеше дерек келтірді.

«Көңілдің толмауына келер болсақ, бұл тәуелсіз сараптамалық ұйымдардың объектив бағасы. Жалпы, денсаулық сақтау жүйесіне қанағаттану деңгейі дамыған елдерде, тіпті Еуропада да 65-70 пайыздан аспайды. Біз тырысып жатырмыз. Қазір ұлттық жобалардағы барлық бағдарлама медициналық қызметкерлердің қызмет көрсету сапасын арттыруға және халықтың қолжетімділігін жоғарылатуға бағытталған», — деді Цой.

Мәжіліс спикері Нұрлан Нығматулин де экс-министрден вакциналанған адамдардың санын дұрыс жариялауын сұраған болатын. Бұл кезде вакциналардың екі дозасы арасындағы уақыт мәселесі талқыланған еді.  

«Сіз вакцинация бізде ерікті екенін білесіз. Біз вакцинаға барынша қолжетімділікті қамтамасыз еттік. Барлық аймақта вакцина бар. 1400-ге жуық вакцинация пункті ұйымдастырылды. Сауда және ойын-сауық орталықтарында ұжымдарға шығатын 300-ге жуық көшпелі бригада бар. Вакцинация жеткілікті қарқынмен жүріп жатыр. 

Екінші компонент 21 және ең көбі 45 күннен кейін онсыз да салынады. Бірінші компонентті салдырғаннан кейін де 15-нші күні антиденелер пайда болатынын түсіну керек. Жеткізудің нақты кестелері бар. Біз өңірлермен жұмыс істейміз. Кеше 117 мың адам вакцина алды, қарқыны артып келеді. Тұрғындар түсінді, бастапқыда вакцинацияға сақтық танытып баратын. Қазір олар көптеген танысы вакцина салдырып жатқанын көрді. Асқынулар жоқ екенін көрді. Азаматтардың белсенділігі артып келе жатқанын байқап отырмыз», — деді ол.

Цойдың антиваксерлерге жауабы

Алексей Цой Қазақстанда антиваксерлер азайып бара жатқанын, ал қалғандары «біртүрлі талап» қоятынын да айтқан болатын. 

«Талаптары біртүрлі: міндетті вакцинация қажет емес. Бізде міндетті вакцинация жоқ. Қаламасаңыз вакцина алмаңыз. Бұл жай ғана қосымша мүмкіндік. Сіз өз еркіңізбен келісім бермейінше, ешкім вакцина салмайды. Бұл таңдау: егер балаларды қорғағыңыз келсе, салдырыңыз. Қорғағыңыз келмесе, иммунитетке сенім артыңыз», — деді Цой Министрліктер үйі алдына наразылыққа шыққандар туралы.

Оның айтуынша, тұрғындарға түсіндіру жұмыстары жалғасып жатыр.

«Біз ғана емес, білесіздер, азаматтық қоғам қазір өте белсенді — блогерлер де, журналистер де, олар тікелей қолдайды, бізсіз-ақ өздері түсіндіреді. Ресми дереккөз ретінде нақты расталған статистиканы жариялаймыз. Бірақ азаматтық қоғам да қазір түсіндіру жұмыстарын өте белсенді жүргізіп жатыр. Ал екпеге қарсы жазба жариялайтын азаматтар күн сайын азайып бара жатқанын көріп отырмыз. Біз мұны тікелей қадағалап отырмыз», — деп түсіндірді министр.

Ол халықтың 70 пайызы вакцина салдырғаны да антиваксерлер пікіріне әсер еткенін айтты.

Омикрон туралы не деді? 

Алексей Цойдың соңғы айтқан мәлімдемелерінің бірі — Қазақстанда «омикрон» штамына байланысты шектеулер мен осы вирус туралы.

«Қазіргі уақытта ең бастысы — мониторинг мәселесі, өйткені штамм әзірге («омикрон» штамы — ескерт.) зерттелмеген. Білесіздер, штамдар дүние жүзінде шашыраңқы, олар көп және әртүрлі — «лямбада», Eta штамы. Әр штамға ерекше назар аударылады. Оның әлемде, әсіресе алғаш рет анықталған елдерде қалай тарайтынын түсіну маңызды», — деді министр Tengrinews.kz тілшісінің сұрағына жауап бере отырып.

Цой Женевада өткен кездесуде Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының бас директоры бұл штамды зерттеу үшін жұмыс тобы құрылғанын айтқанын еске салды.

«Ең бастысы, оның пандемия тудырмауы. Яғни штамның ел ішінде басым жағдайға ие болмауы. Мысалы, «дельта» штамы дүниежүзінде 80-90 пайыз, пайда болған жерде ол басым жағдайға ие болды. Сондықтан қазір бүкіл әлем қауымдастығының міндеті штамның қаншалықты жұқпалы екенін, оның қалай әрекет ететінін, оның қандай клиникалық көріністері бар және қаншалықты жұқпалы, адамдарға қауіпті екенін дәл анықтау. Әзірге сенімді деректер жоқ», — деді денсаулық сақтау министрі.

Әзіл көтере алатын министр 

Цой өзі туралы әзілдерге «философиялық тұрғыдан қарайтынын» да айтқан болатын. 

«Бұл — қалыпты жағдай, халық шығармашылығы. Меніңше, философиялық тұрғыдан қарау керек. Егер адамға қызығушылық болса, халық шығармашылығы өлмейді. Әрине, достарым, таныстарым, журналистер маған жиі жібереді (карикатуралар. — ескерт.). Бұл — өмір», — деген еді Цой журналистердің сұрағына.

QazVac вакцинасын экспорттау туралы не айтты?

Цой QazVac қазақстандық вакцинасын экспорттау туралы ақпарат барлық елге жіберілгенін, алайда бірінші кезекте, Қазақстанның қажеттілігі қамтамасыз етілуі керек екенін айтқан еді. Оның айтуынша, қазақстандық вакцинаға қызығатындар көп, алайда нақты келісім жасалмаған.

«Жабық форматтағы мәселе пысықталып жатыр. Келіссөздер жүргізіліп жатыр, әзірге нақты келісімге келмедік. Көптеген мемлекеттер хабарласып, қызығушылық танытып, вакцина туралы ақпаратты, Қазақстанда вакцинацияның қалай өткенін, қандай нәтижелер алғанын сұрайды. Осы бойынша жұмыс жүргізіп жатырмыз», — деп түйіндеді министр.

Medsupportkz мәлімдемесі және оған Цойдың жауабы

Биыл қызу талқыланған мәселелердің бірі — Medsupportkz қауымдастығының ғалымдары мен дәрігерлері коронавирусқа қарсы қазақстандық вакцинаны алуға кеңес бере алмайтынын жеткізген мәлімдемесі еді. Бұған жауабында Цой вакцина туралы ешқандай құпия жоқ екенін айтқан. 

«Медициналық қоғам Қазақстанның отандық Qazvaс вакцинасын әзірлеудегі жоғары жетістігін мақұлдайды, ол қазір бізде қолдануға рұқсат етілген. Вакцина клиникалық сынақ кезеңдерінен өтті, қазір клиникалық тәжірибеде. Бұл вакцинаны биоқауіпсіздік саласында жұмыс істейтін препаратты жасаған саланың жетекші мамандары растайды. Денсаулық сақтау жүйесінде барлық маман осы әлеуетімізді жоғары бағалайды.

Иә, өз көзқарасын білдіретін адамдар мен мамандар бар. Бірақ жалпы барлығы вакцинаның пайда болуын қолдайды. Білім және ғылым министрлігінің ақпараты бойынша, биологиялық қауіпсіздік проблемалары институты рейтингі жоғары журналдарға бірнеше мақала жариялауға жіберді», — деді Алексей Цой ОКҚ онлайн-брифингінде.

Ол вакцина туралы барлық негізгі ақпарат халыққа жеткізілетінін айтты.

«Жалпы, QazVac — Қазақстан үшін үлкен прогресс. Мен де осы вакцинаны салдырдым, өзімді жақсы сезінемін және тұрғындарға да осы вакцинаны егуге кеңес беремін», — деді Денсаулық сақтау министрлігінің басшысы.

Цой және Pfizer

10 қарашада Алматыға Pfizer вакцинасының бірінші партиясы жеткізілді. Алайда бұған дейін бұл вакцинаны жеткізу бойынша сұрақтар көп туындаған. Оған Цой Pfizer-мен келісім бойынша Денсаумин әлдене жасырғандай сұрақ қойылып жүргенін мәлімдеген еді. Сол үшін Pfizer өкілдерімен жақын арада брифингке шығуға уәде берген.

«Біз компания өкілдеріне бізбен брифинге шығуды ұсындық. Денсаулық сақтау министрлігі барлығын ашып айтпайды деген сынға жиі ұшыраймыз. Біз белгілі бір талап бойынша ақпараттарды құпия ұстаймыз. Жақын арада компания өкілдерімен бірге брифингке шығамыз деп ойлаймын. Олардан көп сұрақтарға өздері жауап берулерін сұраймыз, өйткені келісімшартта белгілі бір талаптар бекітілген», — деген еді экс-министрі.

Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!

По сообщению сайта Tengrinews