Биыл Қазақстан Республикасының тәуелсіздік алғанына 30 жыл толып отыр. Осы ретте Tengrinews.kz тілшісі шетелдік жастармен тілдесіп, олардың Қазақстан туралы не білетінін сұрады.
«Қар адамы — қазақстандық»
Чехиялық Нико Староста Қазақстан туралы жақсы білетін болып шықты. Тіпті, ол 2014 жылы Алматыға да келген екен.
«Осыдан 7 жыл бұрын Бейжіңге Қазақстан арқылы ұшатын болдым. Алматыға қонып, 11 сағаттан кейін келесі рейске дайындалу керек. Сол кезде ұшақтағы көріністің өзінен Алматының тауларына ғашық болдым, олар мені баурап алды. Әуел баста әуежай маңындағы қонақүйде демалатын болғанбыз, өйткені 6 сағат ұшып шаршаған едік. Алайда мұндай әдемі табиғаты бар елді көргеннен кейін бір орында отыра алмадық. Жасыратыны жоқ, Қазақстанның осыншалықты әдемі екенін білмедім. Қазақстанды, ең алдымен, көңілі кең, жарқын жүзді адамдарымен есте сақтадым. Айтпақшы, Алматының тауларын көргеннен кейін Қар адамы қазақстандық болар деген ойға келген едім», — деп жымиды ол.
«Қазақстанда вегетариандар жоқ шығар»
Ал Германия азаматы Симон Конор қазақтар мөлшерден көп ет жейтінін айтты.
«Қазақстанда болмасам да, университет қабырғасында бірге білім алған қазақ достарым бар. Олар тым көп ет жейтін. Тек мен ғана емес, барлық группаластарымыз таңғалатын. Ең қызығы, құрамында цинк пен темір көп жылқы етінен кейін олардың еш жері де ауырмайтын. Бұл біз үшін өте қызықты факт болатын. Неге екенін білмеймін, Қазақстан десе, ең бірінші, етті ең көп жейтін ел есіме түседі. Қазақстанда вегетариандар жоқ шығар», — дейді неміс жігіті.
«Қазақтардың сыртқы келбеті ерекше»
Тхаптхим Вичай Таиланд астанасы Бангкокте тұрады. Оның айтуынша, Қазақстан — өте көпұлтты мемлекет.
«Таиландқа туристердің көптеп келетінін жақсы білесіздер. Оның ішінде Қазақстаннан келетіндер де аз емес. Мен Бангкоктегі танымал мейрамханада жұмыс істеймін. Бізге сіздердің елдеріңізден келетін адамдар көп. Таңғалғаным, олар Қазақстаннан екенін айтса да, түр-тұлғалары бұған дейін келген қазақстандықтарға ұқсамайды. Бірде Нұр-Сұлтаннан келген жас жұбайлар Қазақстанда 100-ден аса ұлт бар екенін айтқан еді. Бәлкім, сол себепті де қазақтардың сыртқы келбеті азиаттардың өзінен ерекшеленіп тұрады», — дейді ол.
«Қазақстанды Димашпен байланыстырамын»
Сондай-ақ, Мали елінен Теодор Брайан Димаш Құдайбергеннің жанкүйері екенін айтып, алдағы уақытта Қазақстанға келуді жоспарлап жүргенін жеткізді.
«Димаш — краш. Менің басқа айтарым жоқ. 2018 жылдан бері Димаштың өнеріне тәнті болып, оның әлеуметтік желіде шыққан барлық шоуын қарап шықтым. Кейін ол туралы зерттеп, сүйіктің әншімнің Қазақстан деген елден екенін білдім. Бұған дейін Қазақстан туралы естіген емеспін, сол себепті Қазақстанды Димаш Құдайбергенмен байланыстырамын. Менің ойымша, Қазақстанда ерекше дауысты әншілер көп», — деді Брайан.
«Шыңғыс ханның сүйегі Қазақстанда»
Америкалық Брендан Бигл әлемнің 67 елінде болған. Ол 2022 жылдың бірінші тоқсанында Қазақстанға келмекші.
«Фрилансты негізгі кәсібіме айналдырғаннан кейін саяхатқа бет бұрған едім. Бүгінде көптеген мемлекетте болып, өз мемуарымды жазумен айналысып жүрмін. Жақын аралықта Қазақстанға баруды көздеп отырмын. Менің білуімше, Қазақстан Орта Азиядағы ең үлкен мемлекет және онда 10 ғасыр бұрынғы көне жәдігерлер сақталған. Сонымен қатар, Қазақстанда жарты әлемді жаулаған Темучиннің денесі жатыр деп оқығанмын. Мен үшін бұл өте қызықты ел болмақ», — дейді ол.
«Қазақстанды The Sims ойынына ұқсатамын»
Осы жылдың 26 мамырында Грузия да егемендігінің 30 жылдығын атап өткен еді. Тбилиси тұрғыны Тика Макаридзе Қазақстан мен Грузияның ұқсастығын атады.
«Қазақстан грузиялықтар сияқты қонақжай халық деп білемін. Оған қоса, тағдырымыз да ұқсас. Бізге жақын ел болғаннан соң, бақылап тұрамыз. Қазақстанның бір орында тұрып қалмай, дамып жатқаны үшін қуаныштымын. Жақында TikTok-та Қазақстан туралы видеоны көріп, қатты таңқалдым. Ондай биік-биік ғимараттарды тек Гонконгтан көрген шығармын. Мен Қазақстанды The Sims ойынына ұқсатамын, өйткені елдеріңіз көз ілеспес жылдамдықпен өркендеп жатыр», — деді грузиялық қыз.
«Қазақстан — мейрамханалардың отаны»
Қырғызстандық Аяна Пратова да Қазақстандағы мейрамханалардың көптігін айтып, қазақ халқының қонақжайлылығына таңданысын білдірді.
«Қазақтар — өте қонақжай әрі жомарт халық. Елдеріңізге келген бойда жоғары деңгейде күтіп алып, бар жағдайымызды жасап береді. Бәлкім, сіздердің кең пейілдеріңіздің арқасында шығар, Қазақстанда мейрамханалар өте көп, тіпті, Қазақстанды мейрамханалардың отаны дер едім. Бұл көп затты аңғартады», — дейді бішкектік Аяна.
Мұхтар Жәмішжанов
Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!
По сообщению сайта Tengrinews