1986 жылдың 17 желтоқсанында саяси тәуелсіздікті талап етіп қазақ жастары алаңға шықты. Бастапқыда Алматыдағы қазіргі Республика алаңына 300-дей адам жиналып, кешкісін көтерілісшілер саны 20 мыңға жетті. Көп ұзамай дүмпулер өзге қалаларда да басталды. Өскемен жастары да наразылық білдірді. Оның ішінде қазақтың батыр қызы Сәбира Мұхамеджанова да бар еді.
Tengrinews.kz тілшісі Желтоқсан құрбаны Сәбира Мұхамеджановамен екі жыл бірге оқыған құрбылары Жанар Назарбековамен және Нұргүл Демесиновамен сұхбаттасты.
Ол кезде Сәбира Өскемендегі педучилищенің екінші курсында оқып жүрген еді. Алматыдағы оқиғаны ести сала қыздар арасында түрлі пікір талас жүрген. Ақылдаса келе Сәбира Мұхамеджанованың группаластары 19 желтоқсанда сабаққа бармай, алаңға шығуға бірауыздан келіскен. Сәбирамен жатақханада бір бөлмеде жатқан группаласы Жанар Назарбекованың сөзінше, жастардың алаңға шығуын Алматыдан келген қыз ұйымдастырған. Бірақ артынша ол қыздың өзін ешкім көрмеген.
Артынша алаңға шыққан барлық студент дәлізде тік тұрып бір-бірден кіріп, тергеушілердің сұрағына жауап берген. Бәрінен шаршап кеткен Сәбира кінәні өз мойнына алатынын айтқан. Осылайша толассыз тергеулер басталған. Мемлекеттік қауіпсіздік комитеті әр студентті жеке жеке сұрақтың астына алған.
Сабаққа оралған кезде де училище мұғалімдері ақыл-кеңестерін айтып, студенттер неге ондай қадамға барғанын сұраған. Алаңға шыққан студенттерді тек психологиядан беретін ұстаздары қолдаған. Одан бөлек, Сәбираға ұйымдастырушы деген айып тағылған. Оның бәрі небәрі 16 жастағы өрімдей қызға әсер етпей қоймады.
«Бұл күнде Сәбира жоқ. Сәбира көзі тірі болса біз сияқты ол да мұғалім болып жүрер ме еді. Біздің осы күнге жетуімізге басын бәйгеге тіккен Сәбираның арқасы деп ойлаймыз», — дейді батыр қыздың құрбысы Нұргүл Демесинова.
19 желтоқсанда алаңға шыққан өскемендік студенттердің комсомол билетіне «саяси сауатсыз» деп жазылған. Сәбира мен оның топтастары биыл ғана толығымен ақталып шықты.
«Бәрімізді қорғап қалған Сәбира ғой. Біз оқудан шығып қалып, ауылға барған күннің өзінде бізді ешкім жақсы қарсы алмас еді. Мұғалім боламыз ба, болмаймыз ба — екіталай еді», — дейді Жанар Назарбекова.
Құрбыларының айтуынша, Сәбира тік мінезді жан болған. Ұнамаған нәрсесін бірден айтатын, әділдікті жақсы көретін. Бір бөлмеде құрбыларымен тату-тәтті тұрған.
«Біз Сәбираға қарыздармыз. Сәбира өзінің кеудесімен группаластарының бәрін сақтап қалды ғой. Ауыртпалықтың бәрін Сәбира жалғыз өзі көтеріп кетті», — дейді Жанар Назарбекова.
Батыр қыздың группаластары Сәбираға қарыздар екенін айтады. Сабира болмағанда бәріміз оқудан шығып, ауылға қайтар ма едік дейді олар.
Ләззат Асанова мен Сабира Мұхамеджанова қандай адам болған?
«Қаралы хабар келген күн». Ләззат Асанованың анасымен сұхбат
По сообщению сайта Tengrinews