Кейінгі жылдары қазақстандықтардың Түркиядан пәтер алуға деген сұранысы артып кеткен. Түркияның статистика институтының мәліметінше, елде баспана сатып алатын шетелдіктердің ішінде қазақстандықтар тоғызыншы орында екен. Былтырдың өзінде 1117 қазақстандық Түркиядан пәтер сатып алған. Бұл былтыр елден баспана алғандардың 2,8 пайызы. Tengrinews.kz тілшісі Түркияда баспана сатумен айналысатын қазақстандық Нұртай Саркеновпен сөйлесіп, елдегі пәтерлерге деген сұраныс неліктен жоғары екені туралы әңгімелесті.
Нұртай Саркенов Батыс Қазақстан облысының тумасы. Түркияда 2017 жылдан бері тұрып жатыр. Елде баспана сатумен айналысады. Нұртай Түркияда қалу мақсаты емес екенін айтады.
«Мен үшін бұл ел бөтен емес. Кез келген уақытта бара аламын, жұмыс істей аламын. Жалпы шетелге қоныс аудару, көшу туралы ойымды айтсам, мен қарсы емеспін. Жастар шет елге шығып, көріп келсе деймін. Елге деген махаббаты оянып, өз елінің артықшылығын көре бастайды», — дейді Нұртай.
Нұртай Саркенов. Фото: instagram.com/nurtaysarkenov
Осы орайда Нұртай Саркенов Түркиядан пәтер сатып алуға қатысты сұрақтарға жауап берді.
Неліктен қазақстандықтардың Түркиядан пәтер алуға сұранысы артты?Бірінші себеп — Түркияда үй арзан. Яғни үйлердің жағдайы жақсы. Мысалы Қазақстанда астана мен Алматыдан үй алатын бағаға Түркиядан екі, үш немесе төрт бөлмелі, бассейні, спорт залы және күзеті бар үй кешенінен пәтер алуға болады. Сондықтан үйдің жағдайы жақсы болғандықтан қазақстандықтар Түркиядан пәтер алуға қызығады.
Түркиядан пәтер алу несімен тиімді?Көп адам Түркиядан пәтерді инвестиция ретінде алады. Одан бөлек, негізінен көбі балалары Түркияда оқуы үшін алады. Себебі білімді сол елден алса деген ниеттері бар. Ал инвестиция ретінде қарайтын болсақ, Түркияның экономикалық жағынан болашағы бар деген болжамдар жасалып жатыр. Себебі 2024 жылы Түркия Босфор бұғазын өзіне алады. Одан бөлек, елде Қара теңізге шығатын жаңа жоба жасалып жатыр. Яғни Мәрмәр теңізі мен Қара теңіз қосылатын жасанды бұғаз жасалады. Сол арқылы Түркияның экономикасы төрт есеге көбейеді деген болжам бар. Сондықтан инвестиция жағынан қарастыратын болсақ, пәтер қымбаттаған жағдайда сатамын деген оймен алуы мүмкін.
Түркиядан пәтер алар алдында не білу керек?Негізі білетін маман арқылы алған дұрыс. Себебі елде құжат мәселесіне байланысты көптеген проблема бар. Заңда қызық бөлімдері бар. Мысалы білмеген адамға қарызы бар үйді де сатып жіберуі мүмкін. Үйдің 20-30 мың доллар қарызы бар екенін кейін білуіңіз мүмкін. Ол қарыз сізге ілініп, төлеу керек боласыз. Сондай проблемалар болған соң құжат жағын жақсы білетін маманға тексертіп алып үй сатып алған дұрыс.
Елдегі ипотека және бөліп төлеу бағдарламасы туралыТүркияда салынып жатқан пәтерлерді бөліп төлеу арқылы да алуға болады. Ал Түркия азаматы болмасаңыз ипотекаға алу қиындау. Бүгінде кейбір жеке фирмалар шетелдіктерге ипотека бағдарламасын енгізген. Ол жағдайда ипотека пайызбен беріледі. Бірақ ескерте кетейін, үйді ипотекаға алған жағдайда пәтер бағасы қымбатырақ болады.
Түркиядан пәтер алу үшін ең азы қандай сомамен келген дұрыс?Елдегі үйдің бағасы қалаға және сатып алатын пәтер орналасқан ауданға байланысты. Яғни пәтер бағасына орналасқан жері әсер етеді. Нақты баға жоқ. Мысалы кей ауданда 50 мың доллар тұратын үй басқа ауданда 500 мың доллар тұруы мүмкін.
Түркиядағы пәтерлердің ерекшелігі неде?Түркиядағы үйлер дайын күйінде яғни жөндеу жұмыстары бітіп, бірақ беріледі. Сонымен қатар, ас бөлмесі, жуыну бөлмесі дайын күйде яғни қажет жиһазымен беріледі. Адамдар үй салынып біткен кезде тек өзіне қажет жиһазбен кіреді.
Қолында 20 миллион теңгесі бар қазақстандық Түркиядан қандай пәтер ала алады?20 миллионға пәтер алу қиындау болады. Әрине, табуға болады. Бірақ қаланың шет жақтарынан немесе қалаға жақын орналасқан аймақтардан алуға болады. Бұл Ыстамбұлға қатысты ақпарат. Басқа қалаларда 20 миллионға жақсы пәтер алуға болады.
Ел үйге салынатын салық мәселесі қандай?Жалпы елде шетелдіктер мен ел азаматтарына салынатын салық шамамен бірдей. Бірақ бүгінде Түркияның саясаты бойынша, шетел азаматтары Түркиядан үйді арзан алып, кейін қымбатқа сатып, ақшаны елден шығарып алмауы үшін шетелдіктерге қосымша салық енгізуі мүмкін. Яғни үйді сататын кезде оны сатып алған сомадан артық бағаға сата алмауыңыз мүмкін немесе ол үйді сатқан кезде төлейтін салығыңыз екі-үш есе көп болуы мүмкін. Шетел азаматтарына қатысты осындай заң енгізілуі мүмкін деген болжам бар.
Түркиядан үй алып, көшкен жағдайда коммуналдық қызметтерге айына шамамен қанша теңгеден шығады?Алматы және астанамен салыстырғанда, төленетін коммуналдық қызмет Түркияда 1,5-2 есе қымбат шығады. Себебі Түркияның өзінде табиғи ресурстары аз болғандықтан 80-90 пайызын шетелден сатып алады. Сондықтан Түркияда газ, жарық қымбат.
Сонымен қатар, Нұртай Саркенов Түркиядан үй алғысы келетіндерге кеңесін айтты.
«Түркияға көшіп, үй алғысы келетіндерге айтарым, ең алдымен — асықпаңыздар. Себебі елде нарық тұрақты емес. Асығыс шешім қабылдап, бәрі алады екен деп эмоцияға салынып пәтер алғаннан гөрі асықпай келіп көріңіздер. Біріншіден, Түркия сіз тұра алатын ел ме? Соған көз жеткізген абзал. Сіз пәтер сатып алатын қала көңіліңізден шыға ма?
Үшіншіден, сіз көшетін қаланың тіршілігімен танысып алу керек. Себебі әр ауданның мәдениеті әртүрлі. Бір ауданның адамы бір ауданға кірмейді, араласпайды, бір-бірін жамандауы да мүмкін. Сондай деңгейдегі қарым-қатынас бар. Себебі Ыстамбұл үлкен қала, 20 миллионға жуық адам тұрады. Бір аудан халқының саны біздің бір облыстың санымен бірдей болып жатады. Бір ауданның өзінде 400-600 мыңға жуық адам тұрады. Сондықтан асықпай келіп, осы жерде пәтер жалдап, тұрып көру керек. Яғни жалпы атмосфераны сезу керек. Содан кейін ғана шешім қабылдау қажет. Одан бөлек тәжірибе жинайсыз, адамдармен танысасыз», — дейді маман.
Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!
По сообщению сайта Tengrinews