Стоковые изображения от Depositphotos
Абай облысында Мемлекет басшысының балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қатысты тапсырмаларын іске асыру бойынша кеңес өтті, — деп хабарлайды Arnapress.kz тілшісі облыстық әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Кеңесте бала қауіпсіздігін қамтамасыз ету жайлы ведомствоаралық өзара іс-қимылдың кешенді жоспарын іске асыру, құқықтарын қорғау, денсаулығының жай-күйі, қосымша білім беру және балалардың жазғы демалысын ұйымдастырудың өзекті мәселелері талқыланды. Сонымен қатар, білім беру ұйымдарының ғимараттары, киім, тамақ өнімдерінің қауіпсіздігін шешуге бағытталған шаралар қаралды.
«Балалар – біздің байлығымыз. Олардың қауіпсіздік мәселесі әрқашан бақылауда. Осы мақсатта нақты шаралар қабылданып, тиісті тапсырмалар беріледі. Әсіресе, жазғы демалыс маусымы жақындап келе жатқанын ескерсек, бұл мәселені қатаң бақылау қажет», — деді облыс әкімінің орынбасары Әділбек Мұсабаев.
Өңірде білім беру мекемелері бейнебақылау жүйесімен 100% қамтылды. Мектептер маңындағы жол инфрақұрылымын жақсарту үшін айтарлықтай жұмыстар жүргізілді: 127 жол белгісі ауыстырылып орнатылды, 28 жаяу жүргіншілер жолы жабдықталды. Сондай-ақ, 93 метр тротуар салынып, 98 метр жасанды жарықтандыру орнатылды.
Облыстың 2023-2027 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық дамуының кешенді жоспары шеңберінде Семей қаласында балаларға арналған 150 орындық психонервологиялық орталық, 150 орындық тірек-қимыл аппараты бұзылған балаларға арналған оңалту орталығының құрылысы жүріп жатыр. Сондай-ақ Ақжар ауылындағы «Үржар балалар арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығы» КММ 2 қабатты қосымша ғимараттар салынуда.
2024 жылдан 2026 жылға дейінгі жаз мезгілінде балалардың сауықтыру демалысын, бос уақытын тиімді өткізу жөніндегі іс-шаралар жоспары әзірленіп, бекітілді. Осы жоспар шеңберінде 10 сауықтыру лагері, 476 мектеп жанындағы лагерьлер мен бейіндік алаңдарда ұйымдастыру жұмыстары жүргізіледі. Сонымен қатар, колледждер базасында 4 кәсіптік бағдарлау лагерін құру жоспарлануда. Бүгінде облыс оқушыларын жазғы демалыспен қамту 99,3% құрайды.
Сурет: Абай облысы әкімдігінің баспасөз қызметі
По сообщению сайта Arna Press