Популярные темы

Ирина Руденко: Әр жексенбі сайын жануарларға күтім жасаймын

Дата: 19 июля 2022 в 11:49 Категория: Соңғы жаңалықтар қазақша


Ирина Руденко: Әр жексенбі сайын жануарларға күтім жасаймын
Стоковые изображения от Depositphotos

Ағылшын тілінен сабақ беретін Ирина Руденко әр жексенбідегі демалысын «Екінші өмір сыйлайық» мекемесінде өткізеді. Көбінесе өзімен бірге туыстарын немесе оқушыларын ерте келеді. Осындағы әр жануарды жеке серуендетуге тырысады. Ал олардың саны бүгінде 85-ке жетіп отыр.

Осылайша әр жексенбі күнгі демалысымызды біз осындағы иттерге арнаймыз. Оларды қатты жақсы көремін, барынша көмектесуге тырысамын. Балаларды, жақындарымды да осынау қайырымдылыққа жұмылдыруға ұмтыламын. Олар да келіп, қол ұшын береді. Ешқандай міндет емес, әрқайсысы өз еркімен, шын жүректен көмектеседі. Себебі, кейде адамдардан таба алмаған махаббат пен адалдықты осы жануарлар беретін кездері болады, – дейді зооволонтер Ирина Руденко.

2020 жылдың 27 қыркүйегі Иринаның есінде мәңгі қалды. Сол күні осында алғаш рет келіп, құтқарылған жануарлармен танысқан, себебі, өзі де осындай орта құруды армандап келген екен. Сол күннен бері тұрақты еріктіге айналды. Айтуынша, екі жылдың ішінде көптеген оқиға болған.

«Бір күні өрт шығып, өрт сөндірушілерді шақыруға тура келді. Ересек алабай төбеттер бар еді, оларды байлаулы тұрған жерінен шынжырдан босатқан сәттер аса қиын болды, бірақ, біз босатып үлгердік, олай болмағанда, өліп кетуі де мүмкін еді. Көзге еріксіз жас келетін оқиға деп соны айтуға болады. Мұнда түрлі жағдайда қалған иттер жеткізіледі, біреуінің бір аяғы жоқ, немесе, денесін тілгілеп кеткен. Әрине, мұнда жағдайлары жақсы, тамақтары тоқ, жылы жерде. Енді тек иесінің махаббаты ғана жетіспейді», – дейді Ирина Руденко.

Мұнда иттер емделеді, вакцина алады, оларды стерильдейді және содан кейін жаңа иелерін іздестіреді. Бірақ, бұрынғыдай емес, жауапкершілігі мол болғанын қалайды. Қазір мұндағы мамандар әр жануардың мойнындағы қарғыбауға арнайы мекеменің мекенжайы мен еріктілердің телефон нөмірлерін жазып қоюда. Егер болашақ иелері асырауда қиындыққа тап болып жатса, хабарласар. Ал ондай жағдай жиі болып тұрады, дейді Ирина.

«Сондықтан бізге келіп, ит асырап алғысы келетін жерлестерімізге үлкен өтініш – төрт аяқты достарды қарауыңызға алғанда жауапкершілікті де ескерсеңіздер екен. Себебі, оларды құтқарып қалып, емдеуде біздің мамандар көп еңбек сіңірді, енді бәріміз оларға екінші өмір сыйлайық. Тағы да далада қалып, қауіпке тап болғанын қаламаймыз», – дейді Ирина Руденко.

Иринаның айтуынша, еріктілердің мүмкіндіктері де шексіз емес. Иелері тастап кетіп жатқан иттердің саны уақыт өткен сайын көбеюде, ал бұлар ешкімді назардан тыс қалдыра алмайды. Сондықтан, мемлекеттен гран түріндегі немесе жартылай болса да қаржы бөлінгені ауадай қажет болып тұр. Сонда ғана иелері құмары қанған соң тастап кете баратын ит-мысықтардың жағдайы сәл де болса қалыпқа келер еді. Және, бұл келеңсіздіктің бірден-бір шешімі – қаңғыбас жануарларды жаппай стерильдеу болып тұр.

«Жануарларға – қамқорлық» жобасы АҚШ-тың халықаралық даму агенттігі (USAID) арқылы көрсетілген Америка халқының көмегімен, Internews-тің USAID қаржылай қолдауы арқылы жүзеге асырылатын Орта азиялық MediaCAMP бағдарламасы аясында жасалды.

Мазмұнына Vera.kz жауап беретін бұл шығарылым USAID немесе АҚШ Үкіметі немесе Internews-тің көзқарасын білдірмейді.

Последние новости Шымкента:

По сообщению сайта Vera.kz

Тэги новости: Соңғы жаңалықтар қазақша
Поделитесь новостью с друзьями