Стоковые изображения от Depositphotos
Бас прокуратура қаңтардағы тәртіпсіздіктер бойынша қазіргі таңда 3 770 қылмыстық іс қозғалғанын мәлімдеді, — деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Бұған дейін «Жаңа Қазақстан» депутаттық тобының атынан Жанарбек Әшімжанов қасіретті қаңтар оқиғасына құқықтық баға беруді сұраған болатын.
Оқиға хронологиясы
Бүгін Мәжіліс отырысында Қазақстанның бас прокуроры Берік Асылов алдымен қысқаша бейнеролик көрсетіп, депутаттық сауалға жауапты оқиға хронологиясынан бастады.
«Қазақстан тәуелсіздік жылдарында мұндай қатыгездікке алғаш рет тап болып отыр.
Митингілер бастапқыда бейбіт болғаны белгілі. 1 қаңтардан бастап батыс өңірлері газ бағасын төмендетуді талап етті. Яғни ешқандай саясат болған жоқ. Таза әлеуметтік-экономикалық талаптар қойылды. Өңірге жедел түрде жіберілген үкімет комиссиясы газ бағасына қатысты қойылған талаптарды қанағаттандырды.
Осыған қарамастан Алматы, Шымкент және басқа өңірлерде адамдар көшеге шықты. Олардың жалпы саны екі күнде 50 мыңнан асты. Ең көбі Алматыда. Басында жиындар бейбіт сипатта болып өтті. Алайда жағдайдың бақылаудан шығуы сағат сайын арта бастады.
3,4,5 қаңтарда Мемлекет басшысы демонстранттарға үндеу жолдады, заңды сақтауға және деструктивті күштерді арандатуға жол бермеуге шақырды. Алайда бірнеше мәрте сабыр сақтауға шақырылғанымен, қылмыстық және радикалды элементтер белсенді де қатаң әрекеттерге көшті.
4 және 5 қаңтарда азаматтар жиыны агрессивті топқа айналып, 11 аймақта зорлық-зомбылық сатысына өтті. Ұйымдастырушылар айқын жоспармен әрекет етті, WhatsApp және Telegram арқылы топтың жиналуы мен қозғалысын үйлестірді. Олар көп адамды жинап қаруландырды.
Кейін топтың бір бөлігі дүкендерді қиратып, тонауға кірісті. Тоналғаннан кейін қылмыстың ізін жасыру үшін тіпті көппәтерлі үйлердің бірінші қабатындағы үй жайларды өртеген.
Басқа қарулы топтар мақсатты түрде әкімдердің, әкімшіліктердің, президент резиденциясының, полиция, ҰҚК ғимараттарына шабуыл жасап, басып алды. Алматыдағы әуежай мен басқа да ысандарды қиратты. Олар қоршауды қалай бұзу керектігін біліп, полицияға жабуыл жасады. Аңшы дүкендерін тонады.
Телеэфирге шығуға тырысты, ол іске аспай қалған кезде, телекомпания кеңселерін тонап, өртеп жіберді. Алматыда және басқа да ірі қалаларда қылмысты жасыру үшін 800-ден астам видеокамераны қиратқан.
Басып алынған қаруды, азық-түлікті және ауыз суды, жеткізу ұйымдастырылған.
Такси, жүк көліктері мен автобустардың жүргізушілерін көшені жауып тастауға мәжбүрледі. Яғни бейбіт азаматтарды «тірі қалқан» ретінде пайдаланған. Арнайы автокөліктер мен басқа да жүк машиналарын таран ретінде пайдаланды», — деді ол.
«Қару қолданбау — әлсіздік ретінде қабылданды»
Бас прокурор осы күндері қауіпсіздік күштерінің ішінде 3,5 мыңға жуық адам жарақат алғанын, бұл жарақат алғандардың 80 пайызы екенін айтты.
«Бірақ сол кезде де шабуылдаушыларға оқ атылмады! Сол қиын жағдайда полиция қызметкерлері, Ұлттық Ұлан мен Қарулы күштердің әскери қызметшілері соңына дейін зорлық-зомбылықты тоқтатуға тырысты, жауынгерлік қаруды қолданбады.
Олар өлімге әкелмейтін арнайы құралдармен шектелді — резеңке оқтар, көзден жас ағызатын газ және жарық шулы гранаталары. Бірақ бұл әлсіздік ретінде қабылданды», — деді ол.
Қозғалған қылмыстық істер туралы
Мемлекет басшысы құқық қорғау және арнаулы органдарға, қаңтар оқиғасының себептерін егжей-тегжейлі тергеп-тексеруді тапсырған болатын. Асылов аталған деректер бойынша, барлығы 3 770 қылмыстық іс қозғалғанын мәлімдеді.
«Басым бөлігі, Ішкі істер министрлігінің өндірісінде, олар – адам өлтіру, ұрлық, қарақшылық, бұзақылық, қару ұрлау.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет, тергеудің заңсыз тәсілдерін қолдану деректері бойынша 234 істі жүргізіп жатыр.
Ұлттық қауіпсіздік комитеті: мемлекетке опасыздық жасау, билікті басып алуға әрекет ету және аса ірі мөлшерде пара алу бойынша 15 істі тергеуде.
Бұл істер бойынша, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің бұрынғы төрағасы Масимов, және оның 3 орынбасары, сот санкциясымен қамауға алынды. Осы, органның тағы 2 басшысы, билікті асыра пайдалану күдігімен, қылмыстық жауаптылыққа тартылуда», — деді ол.
Ұлттық қауіпсіздік комитетінің істеріне «өте құпия» деген белгі берілгені де айтылды.
«Осыған орай, тергеу нәтижелерін жан-жақты жария ете алмаймыз», — деді бас прокурор.
Тұтқындалғандардың қаншасы деструктив діни ағымдарды жақтаушы?
Берік Асылов бүгінде 35 мыңнан аса жедел-тергеу іс-қимылдары, оның ішінде 20 мыңы — тексерулер, жауап алу, тінту жүргізілгенін, 3,5 мың сот сараптамасы тағайындалғанын айтты.
«Барлық органдар бойынша тұтқындалғандардың жалпы саны 766 күдікті. Негізгі көпшілігінде — 30 жасқа дейінгі жастар, жұмыссыздар, жоғары білімі жоқ адамдар. Олардың ішінде деструктивті діни ағымдардың 19 жақтаушысы, тыйым салынған экстремистік ұйымдардың 27 белсендісі, ұйымдасқан қылмыстық топтардың 24 мүшесі бар және 113 адам кісі өлтіргені, ұрлағаны, тонағаны және қарақшылық жасағаны үшін бұрын сотталған.
Мысалы, «Дикий Арман» деп жүрген Жұмагелдиев пен оның тобының 14 мүшесі қамауда», — деді бас прокурор.
Бүгінде жаппай тәртіпсіздіктерді ұйымдастыру және оған қатысу бойынша 44 қылмыстық іс, терроризм актілері бойынша 46 қылмыстық іс тергеліп жатыр.
«Тәртіпсіздіктерге қатысушыларға қатысты 15 қылмыстық іс қозғалды. Осы істер бойынша 527 адам күдікті. 278 адам қамауға алынды», — деді ол.
Күш құрылымдары басшыларының іс-әрекетіне құқықтық баға берілді
Берік Асылов 5 қаңтарда 2 полиция департаментінің және ҰҚК-нің Алматы қаласындағы, Алматы, Жамбыл және Қызылорда облыстарындағы 3 департаменті өз ғимараттарын, соның ішінде қарумен қалдырып кеткенін айтты.
«Осы деректер бойынша 7 қылмыстық іс қозғалды. Олар бойынша тергеу әрекеттерінің негізгі көлемі аяқталды.
Алматы қаласы ҰҚКД бастығы Маилов қамауға алынды. Басқа тұлғаларға қатысты қазір дәлелдемелерді жинау және талдау жүріп жатыр.
Сондай-ақ, Қорғаныс министрлігінің бұрынғы басшылығының өкілеттіктерін асыра пайдалану дерегі бойынша тағы бір қылмыстық іс тергеліп жатыр. Бұрынғы Қорғаныс министрі қамауға алынды. Тергеу жалғасады», — деді Берік Асылов.
Қанша адам қаза тапты?
Ел бойынша барлығы 230 адам қаза тапқан, оның ішінде 19 әскери және қауіпсіздік күштері. Ең көбі Алматы қаласында — 139 адам.
«Бүгінгі таңда әкімшілік ғимараттардың шабуылына тойтарыс беру кезінде және құқық тәртібін жүргізу барысында 86 шабуылшының көзі жойылғаны анықталды.
53 қайтыс болған адам бойынша өлімнің мән-жайы анықталып жатыр. Олар қала аумағында әртүрлі жарақаттармен, соның ішінде 48 — атыс, 2 — пышақ жарақаттарымен табылды, 3 адам басқа жарақаттармен және күйіктермен.
Басқа 7 өңірде 63 шабуылдаушыны құқық қорғау күштері әкімшілік, полиция және ҰҚК департаменті ғимараттарын қорғау кезінде жойды.
Бүгінгі таңда біз кездейсоқ оққа ұшқан 20 адам қайтыс болғанын нақты білеміз. Оның 11-і Алматы қаласында, 8-і Алматы облысында және біреуі Тараз қаласында.
Олардың ішінде айқас оттың астына түскендер, погромшылардың қолынан қаза тапқандар, сондай-ақ блокбекеттерде әскери талаптарға бағынбағандар да бар», — деді ол.
Прокуратура органдары жүргізіп жатқан жұмыс туралы
Ол ішкі істер министрі мен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің төрағасы, өздерінің қылмыстық істері бойынша баяндама жасайтыны айтты да өзі прокуратура органдары жүргізіп жатқан жұмыстарға тоқталды.
«Бүгінде жедел-тергеу іс-шаралары жалғасуда. Қылмыскерлерді іздеу, дәлелдемелерді жинақтау мен бекіту жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Тергеу құпиясы және кінәсіздік презумпциясына қатысты, заңнама талаптарын ескеріп, мен, тергеліп жатқан істер бойынша шектеулі, деректерді ғана келтірдім. Естеріңізге салайын, тергеу мерзімі екі айдан сәл ғана асты.
Мұндай ауқымды, трагедияның барлық мән-жайын анықтау үшін, бұл уақыт жеткіліксіз. Көп жағдайда куәлар жоқ. Кешенді сот сараптамалары және баллистикалық зерттеулер тағайындалды. Нәтижелерін күтудеміз.
Осының барлығы: фигуранттардың қатысу дәрежесі мен рөлін дұрыс саралау, ұйымдастырушылар мен орындаушыларды анықтау және ұрланған қаруды табу үшін қажет.
Дей тұрғанмен, барлық қылмыстық істер бойынша, түпкілікті шешімдер, міндетті түрде, халықтың назарына жеткізілетін болады», — деді ол.
Өзекті жаңалықтарды сілтемесіз оқу үшін Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!
По сообщению сайта Tengrinews