Стоковые изображения от Depositphotos
Абзал Батырғали — 24 жасында Coca-Cola сияқты әлемдік компанияларға жарнама, ал RaiM & Artur, Truwer, Limba сынды қазақстандық танымал әншілерге бейнебаян түсіріп жүрген қарапайым атыраулық жігіт. Бұл салада арнайы білімі жоқ ол түсірілім өнерін өзі үйренген. Tengrinews.kz тілшісі жас қоюшы оператормен әңгімелесіп, Қазақстанда бұл сала қалай дамып жатқанын, бәсеке мен кадрдағы ең маңызды бөлшектер туралы сұрады.
Абзал Батырғалидің сөзінше, оператордың міндеті — режиссердің идеясын оның ойындағы қиял көрінісімен түсіру және оған шығармашылық қолтаңбаңды қоса білу. Бүгінде атыраулық жігіттің сол қолтаңбасын Coca-Cola, Olx, Wolt, Chevrolet, Qazaq Republic, IK melwear жарнамаларынан байқауға болады. Ол Raim және Artur, Yenlik, Limba, Truwer, 104 сынды әншілерге де клип түсіріп берген.
Посмотреть эту публикацию в InstagramПубликация от Abzal Batyrgaliev (@batyrgaliev.abz)
Негізі Абзал бұрыннан өз қаласы Атырауда шағын роликтер түсіреді. Ал Алматыға келгелі 3 жылдан асқан. Оның крьерасындағы елеулі өзгерістер 2018 жылы Ауғанстанға Қазақстандағы терроризм туралы деректі фильм түсіруге барып келгеннен кейін басталған. Оның бұл сапары көп таныстыққа әкелгенін айтады.
«Instagram-да өзім сияқты әріптестерімнің көзіне түсіп, кейін олар Ауғанстанға түсірілімге шақырды. Бұл Qazaqstan телеарнасына арналған деректі фильм еді. Сол кездегі телеарна директоры, қазіргі мемлекеттік хатшы Ерлан Қаринмен бірге барып келдік. Онда өміріме емес, түсірілім ойдағыдай өтсе екен деген уайым басымырақ болды», — дейді ол.
Сөйтіп елге қайтқан соң елордада қалып, OZEN лейблын ашқан Айзатулла Хуссейн мен достары бірігіп Darkhan Juzz-ге бір минуттық кішігірім клип түсірген. Осылай басқа да жобалар пайда болып, Алматы мен Нұр-Сұлтан арасында арлы бері күн көргенін айтады.
«Ауғанстанға барған Айзатулла досым OZEN-ді ашты. Сосын оған әртістер хабарласа бастады. Бастапқыда ол режисёр, мен оператор ретінде шығып жүрдік, кейінен басқа режисёрлар де хабарласа бастады», — дейді ол.
Посмотреть эту публикацию в InstagramПубликация от Abzal Batyrgaliev (@batyrgaliev.abz)
Жас қоюшы оператордың сөзінше, кадрда ең маңызды нәрсе — жарық.
«Көрерменнің автор бергісі келетін көңіл-күйді сезінуі тікелей жарыққа байланысты. Жарық — адамға қайда қарау керегін көрсететін бағдаршы, бұл құрал біздің салада өте маңызды. Ал оны түстермен және кадрмен үйлестіре қолданса, автор аудитория жүрегіне жетеді», — дейді Абзал.
Атыраулық жігіт бүкіл ТМД елдеріне танымал Jah Khalib-тің бейнебаянына жарық қойып бергенін айта кеткен жөн.
Посмотреть эту публикацию в InstagramПубликация от Abzal Batyrgaliev (@batyrgaliev.abz)
«Адамдар көбіне қарапайым видеоларды сұрайды. Бірақ мен көмекшілерім Нұржан мен Дамирмен бірге өз жұмысымызды әрқашан бүге-шүгесіне дейін жасаймыз. Себебі түсірілімге шыққанда ең бастысы беделіңді сарп етпеу, бұл өте маңызды, өйткені бұл сенің портфолиоң. Жаман бейнеролигіңізді көрген адам сізге ешқашан хабарласпайды», — дейді ол.
Алматыда операторлар арасында бәсеке үлкен екенін де айтты.
«Сол үшін жиі түсірілімдер жасап, өзіңді көрсетіп тұруың керек. Алматыдағы біздің сала бәсекенің арқасында ғана дамып жатыр деп ойлаймын, бәрі ерекшеленгісі келеді, сондықтан басқалардан асып түруге тырысады. Бұл өте жақсы. Бұрын мен видеода камера қозғалысы, ракурспен ерекшеленуге тырысатынмын, қазір жарыққа көбірек көңіл бөлемін», — дейді атыраулық жігіт.
Абзал Батырғали сөзін қорытындылай келе түсірілімге идея, шабытты әлеуметтік желілерден, YouTube-тағы операторлардың арналарынан, олардың Instagram-парақшаларынан, Vimeo-дағы арналардан алатынын айтты. Олардың визуалына қарап, қалай жасағанын, кейде бэкстейджін тауып түсініп, сондай-ақ, кино операторларының басқа операторлардың жұмысын талдайтын видеоларды көру арқылы жаңа ой алуға болатынын бөлісті.
Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!
По сообщению сайта Tengrinews