Стоковые изображения от Depositphotos
Кейінгі кездері, қоғамда, әсіресе жастар арасында «қазіргі заманда жақсы оқу міндетті емес, тек өзіңді шығармашылық тұрғыда дамытсаң, еркін болып ашылсаң жеткілікті» деген түсінік бар. Оған Илон Маск, Марк Цукерберг, Билл Гейтс сынды адамдар мысалға келтіріліп те жүр. Алайда қазақстандық математик, Ұлыбританиядағы Imperial College London (Ұлыбритания) университетінде докторлық қорғаған Нұрғиса Есіркегенов мұнымен келіспейді. Оның айтуынша, Абай атамыздың «Дүние де өзі, мал да өзі ғылымға көңіл бөлсеңіз» деген сөзінің нағыз өзекті шағы осы. Ол Tengrinews.kz тілшісіне ғылымға қалай бет бұрғанын, оқуда қажет машықтар мен шетелдік білім беру жүйесі, Қазақстандағы магистратура мен докторантурадағы оқу туралы айтып берді.
29 жастағы Нұрғиса Есіркегенов 2016-2020 жылдары «Болашақ» бағдарламасы бойынша Imperial College London (Ұлыбритания) университетінде докторантурада математика мамандығын оқып, 2020 жылы қаңтарда Function spaces on Lie groups and applications тақырыбында докторлық диссертациясын сәтті қорғап шыққан. Докторантурада оқып жүргенде халықаралық Лондон математикалық ұйымының грантын жеңіп, Бельгияда Ghent University-де ғылыми тағылымдамадан өткен.
Ал қазіргі таңда еліміздегі университеттердің бірінде ассистент профессор, «Математика және математикалық модельдеу институтында» аға ғылыми қызметкер. Оған қоса, Нұрғиса Есіркегенов Хайделберг форумының лауреаты, Doris Chen, Santander және Axioms халықаралық сыйлықтарының иегері, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты.
Нұрғиса математиктердің отбасында дүниеге келген. Атасы 40 жылдай мектепте математикадан сабақ берген екен.
«Әкем қолданбалы математика саласында ғылыми институтта зерттеулер жасап, кейін программист болған, қазіргі таңда университетте сол саладан сабақ береді. Туған ағам белгілі ғалым академик Асқар Жұмаділдаевтың жетекшілігімен PhD қорғады. Одан үлкен ағам «ҚазСат-2» және «ҚазСат-3» жер серіктерінің жұмысы басқарылатын Ақкөл байланыс орталығында жетекші инженер болып жұмыс істейді. Осындай отбасында дүниеге келуім әрине ғылыми зерттеумен айналысуға деген қызығушылығымның пайда болуына әсер етпей қоймайды», — дейді ол.
Жас математик осы қызығушылығын университет қабырғасында ұстаздары Тынысбек Қәлменов, Махмуд Садыбеков, Балтабек Кангужин, Жанұзақ Тоқыбетов және Серікжан Бадаев, кейін шетелде Майкл Ружанский, Ари Лаптев, Фулвио Риччи және Богуслав Зегарлинский сынды ғалымдардың сабақтары мен ақыл-кеңестері одан әрі арттыра түскенін айтты.
«Бала кезімнен әрқашан жаңа және адамдарға қандай да бір пайдалы зат ойлап тапқым келетін. Сөйтіп осы арманыма мүмкіндікті теориялық математикада таптым, қазірге біздің өнім — алынған теоремалар мен олардың теориялық қолданыстары», — дейді Нұрғиса Есіркегенов.
Профессор Майкл Атьямен (Филдс сыйлығының лауреаты, 1966 / Абель сыйлығының лауреаты, 2004)
Қазір ғылымда немен айналысып жүр?Қазір ғылымда теориялық математиканың ішіндегі бейкоммутатив анализ және гипоэллиптикалық операторлар теориясы анализінің қиылысындағы бейкоммутатив гипоэллиптикалық анализбен айналысып жүр. Бұл салыстырмалы түрде жаңа салалардың бірі екенін айтты.
«Мысалы, жақында 2015 жылы графен (Graphene) материалын алмастырушы борофен (Borophene) деген екі өлшемді анизотропты металл ашылды. Яғни, бұл материалдың механикалық және электрондық қасиеттері әр бағытта әртүрлі. Графен материалының өзін жақында ғана Андрей Гейм мен Константин Новосёлов деген ғалымдар алды, сол үшін 2010 жылы физика саласы бойынша Нобель сыйлығын алды.
Ал енді қазір ғалымдар Борофен металын зерттеп жатыр, себебі ол барлық белгілі екі өлшемді материалдардың ішіндегі ең сапалы және майысқақ, сонымен қатар, оның жақсы электрөткізгіштік қасиеті бар болып шықты. Енді ғалымдар бұл материалды наноэлектронды құрылғылар мен фотоэлементтер жасауда қолданбақ. Осындай жақында табылып жатқан маңызды материалдарды зерттеуде және теориялық жағынан бейкоммутативті анализде, суб-Римандық геометрияда, кванттық механикада қолданыстары бар деп күтілгендіктен, осы саладағы мамандардың ұсынысымен шетелдік ғылыми жетекшім Майкл Ружанскиймен бірге бейкоммутатив гипоэллиптикалық анализдегі алған нәтижелерімізді жинақтап кітап ретінде жазайық деп шештік», — дейді ол.
Шетелде бала мамандықты дұрыс таңдауына қандай жағдай жасалған?Нұрғиса Есіркегеновтің сөзінше, ең алдымен кез келген салада, әрине, қызығушылық керек.
«Көп жағдайда, бізде ата-анасы немесе ағайындары баласына мамандықты таңдап беріп жатады. Ал, бала өзі қызықпаған салада қанша оқып жұмыс істесе де, ол салада жақсы маман бола алмайды. Атақты физик Эйнштейн: «Барлық адам — гений. Бірақ егер балықты талға өрмелеу қабілеті бойынша сынасаңыз, онда ол өзін өмір бойы ақымақпын деп өтеді» дейді. Сондықтан, бірінші баланың қызығушылығы мен қабілетіне қарауымыз керек. Оны анықтауда, балаға мектеп пен ата-ана көмектесуі керек», — дейді ол.
Мектептердегі білім
Англияда және көптеген батыс Еуропа елдерінде мектептің негізгі қызметі — балаңыздың неге қызығатынын және неге қабілеті барын тауып беру екен. Онда білімді ақпарат деп қарастырады. Қазақстандық математиктің айтуынша, оқушыға негізгі екі нәрсе үйретіледі: ақпаратты қайдан табу және онымен қалай жұмыс істеу керегі.
«Қазір ақпарат заманы. Бүгінде мамандықтардың өзектілігі технологияның дамуымен тез ауысып жатыр. Сондықтан қазір бейімділік керек. Ал сіз ақпаратпен жұмыс істеуді білсеңіз, кез келген салаға бейімделе аласыз. Мысалы көптеген батыс Еуропа елінде 8-сыныптан бастап 2 аптаға зауыттарға немесе компанияларға практикаға бару міндетті. Сол арқылы, оқушыларда мектеп бітірер кезде әр түрлі мамандықтар жайлы түсінік қалыптасады. Осының бәрінен өтіп келген оқушы, қай салаға қызығатынын және қай салада қабілеті бар екенін өзі айта алады», — дейді ол.
Профессор Майкл Ружанскиймен
Университеттегі білім
«Университетке келер болсақ, мысалы Бельгияда университетке оқуға түсу үшін инженерлік, шығармашылық және медициналық мамандықтардан басқа мамандықтарда емтихан тапсырмайсыз, оқу ақылы, бірақ арзан, өз азаматтарына жылына 500-800 еуро шамасында. Бакалавр оқу барысында өзіңізге ұнайтын әр түрлі сабақ таңдауға, тіпті мамандығыңызды өзгертуге мүмкіндік жасайды. Себебі, кейде 17-18 жаста таңдаған мамандығыңыз кейін ұнамай, қызығушылығыңыз өзгеруі мүмкін. Осындай таңдауларға еркіндік беріледі, бірақ оқуды бітірер кезде алғыңыз келген мамандық бойынша тапсыратын емтихан оңай болмайды. Яғни, білім алам десеңіз есік ашық, бірақ диплом алу үшін тапсыратын емтихан оңай емес», — дейді Нұрғиса Есіркегенов.
«Жұмысқа тұру үшін сертификатың болуы керек»
Англияда Ofqual (The Office of Qualifications and Examinations Regulation) деген тәуелсіз ұйым бар. Бұл ұйым IELTS сияқты, бірақ техникалық мамандықтағы адамдарға сертификат береді. «Ол сертификат болмаса, сіз жұмысқа кіре алмайсыз», — дейді қазақстандық жігіт.
Нұрғисаның айтуынша, жұмысқа алушы жұмысшының біліміне көңілі толмаса немесе, мысалы, қандай да бір техникалық құрылғыны күйдіріп алса, онда жұмыс беруші жаңағы сертификат берген Ofqual ұйымына шағымдана алады. Жұмысшының білімі шынымен де жеткілікті болмағаны дәлелденсе, онда шығынды Ofqual ұйымы төлейді. Сондықтан, Ofqual сертификатты жайдан-жай бермейді.
«Ал университет студентті тек біліммен қамтамасыз етеді, сонда студент университетке тек білім алу үшін барады, себебі оған жұмысқа кіру үшін Ofqual-дің емтиханын тапсыру керек. Мұндай жүйеде ешқандай адам араласа алмайды, автономды түрде өзі жұмыс істеп тұрады», — дейді ол.
«Бізде магистратура мен докторантурада оқуға түсуден гөрі, бітіріп шығу оңай»Математиктің айтуынша, елімізде магистратура мен докторантурада оқуға түсуден гөрі, бітіріп шығу оңай. «Негізі керісінше немесе екеуі де оңай болмауы керек сияқты», — дейді ол.
«Бірақ осы жылы білім және ғылым министрі осыған дейін барлық дерлік қорғауға шыққан докторанттардың оң қорғағанын айтып, таңданып, диссертациялық кеңестердің жұмыстарын сынап, жақсы өзгерістер жасады деп ойлаймын. Оның ішінде әсіресе, диссертациялық кеңестің жартысы қорғалатын диссертация тақырыбындағы мамандар болуы міндеттелді. Бұл батыс Еуропа елдерінің тәжірибесінде бар жақсы өзгеріс болды», — дейді Нұрғиса.
Ол ғылым саласында кейінгі кездері өте жақсы өзгерістер байқалатынын айтты. Ғалымдарға арналған гранттарға бірнеше конкурс болуы, оның ішінде жас ғалымдарға ерекше көңіл бөлінуі және алдағы уақытта 5-жылдық гранттар жариялануының қарастырылуы сияқты жақсы өзгерістер жасалып жатқанын да қосты.
«Илон Маск, Марк Цукерберг, Билл Гейтс үздік оқыған»Ғылымға барғысы келетін жастарға ол ең алдымен қызығушылық керек, сосын еңбек ету қажет екенін, кейде сәтсіздік болып жатса, шыдамдылық қажет болатынын айтты.
«Қазір Абай атамыздың «Дүние де өзі, мал да өзі ғылымға көңіл бөлсеңіз» деген сөзі өте өзекті болып тұрған заман. Мысалға, әлемге танымал Илон Маскты алсақ болады. Қазіргі уақытта әлемдегі ең бай адам. 2018 жылы ғылымда жасаған ерекше жетістіктері үшін Лондон корольдік ұйымының мүшесі болды. Соңғы кезде, қоғамда осындай Илон Маск, Марк Цукерберг, Билл Гейтс сынды адамдарды мысалға келтіріп, жақсы оқу қазіргі заманға қажет емес, тек өзіңді шығармашылық тұрғыда дамытсаң, еркін болып ашылсаң жеткілікті деген сияқты қате түсінік қалыптасып кеткен сияқты. Бірақ оларды байқасаңыз Гарвард және Пенсильвания сынды әлемдегі топ университеттерге оқуға түскен. Ондай университеттерге оқуға қабылдану үшін GPA 4-тен кем дегенде 3.9 болуы керек. Демек олардың бәрі үздік оқыған», — деді ол.
«Тағы бір ескеретін жайт, жұмысты Tesla компаниясында тек Илон Маск немесе Facebook компаниясында тек Марк Цукерберг істемейді, олардың командасында негізгі жұмыстарды істейтін көптеген адам бар, олар сол топ университеттердің түлектері», — деп жалғастырды ол. — Менің ойымша, жақсы университет дегеніміз — ең алдымен жақсы орта жасап беруші. Мысалы, мен Imperial College London-да докторантурада оқып жүргенде өз саламдағы ең мықты ғылыми орталықтарда болуға, семинарларға қатысуға мүмкіндік алдым. 2017 жылы халықаралық Heidelberg Laureate Forum грантын жеңіп алып, Германияның Хайделберг қаласында Филдс, Нобель және Тьюринг сыйлықтары иегерлерінің лекцияларын тыңдадым. Осындай орталардан мотивация алып, қызығушылығым одан әрі арта түсті».
Нұрғиса Есіркегенов біздегі «Болашақ» бағдарламасы шетелде жұмысқа шақырту алған түлекке тағы да 2-3 жыл қалып, жұмыс істеуіне мүмкіндік берсе, тіпті жақсы болар еді деген ұсынысын айтты.
«Әйтпесе, тек университетте білім алып, шетелде өндірісте, компанияларда қолданыстарын көрмеу, бельгиялық вафлидің дәмін көріп, бірақ оны қалай жасау керегін білмей келген сияқты болып қалуы мүмкін. Осындай оқудан соң тағы 2-3 жыл сонда қалып жұмыс істеу, батыстың білімін ғана алып қоймай, батыстық жұмыс істеу мәдениетін де үйреніп келуге жақсы мүмкіндік береді деп ойлаймын», — деді ол.
Нұрғиса Есіркегеновтің тайм-менеджменті қандай?«Менде тайм-менеджмент қарапайым, Абай атамыз айтқан «Күніне бір, ол қолыңыздан келмесе — айына бір өз-өзіңізге есеп беріңіз» деген формада, бірақ күнделікті жоспарларымды да айлық жоспарларымды да қағазға жазып жүруге тырысамын. Жоспарларды қағаз бетіне түсіргенде, ойыңыз босайды, жоспарыңызды қолмен ұстап, көзбен көргендей боласыз, бұл өз кезегінде әр жоспарды орындау кезінде басқа істейтін шаруаларды ойланбай, істеп жатқан жұмысыңызға ғана концентрация жасауға мүмкіндік береді.
Сосын, күндізгі уақытты ойлануды көбірек қажет ететін шаруаларға, ал кешке ойлануды мүмкіндігінше аз қажет ететін шаруаларға арнауға тырысамын. Бірақ бұл ережелер кейде бұзылып жатады, себебі ғылыммен айналысу ол шығармашылық жұмыс, мұнда да шабыт деген керек. Сондықтан, бәрінен де маңыздысы жасап жатқан жұмысыңызды жақсы көру, ол болса қалғанының бәрін өзі келеді, немесе реттеп алуға болады деп ойлаймын», — деді ғалым.
Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!
По сообщению сайта Tengrinews